Ұлыбританиядағы қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай әдеби кеш өткізді

33 просмотров

Ұлыбританияның танымал жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай әдеби-музыкалық кеш өткізді.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, аталған шара Ковентри қаласының Warwick университетінде, «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Ұйымдастырушылардың бірі Warwick университетінің магистранты Еркеназ Аринова осы кешке бірқатар оқу орнында оқып жүрген жастардың қатысуына бастамашы болды.

Мұқағалидың өмір жолы, шығармашылығы және ақынның отбасы туралы Surrey университетінің магистранты Жасұлан Кушебаев айтып берді.

Табыл Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әнін Манчестер университетінің магистранты Нұрым Ноянбаев орындады. Warwick университетінен Абылай Құдайбергенов домбыра тартып, қазақ күйін шетелде шарықтатты.

Сондай-ақ, Reading университетінің магистранты Әсем Сағынбаева, Манчестер университетінің магистранты Махаббат Тәттібаева, Aberdeen университетінің магистранты Әділ Ұзақ, Лондондағы Queen Mary университетінің магистранты Әділ Бергенов, Warwick университетінен Дамина Саби, Дәмира Дүйсекенова ақынның бірқатар өлеңдерін оқып берді. Ал Манчестер университетінен Айбөбек Сейтақ «Мұқағали рухымен сырласу» атты ақынға арналған өлеңді оқыды.

Қазақ жастары Мұқағалидың сөзіне жазылған өзге де әндерді хормен орындады.

Осы кешке өзге елде оқып жатқан бірнеше шетелдік магистранттар да қатысып, қазақтың өнерімен танысты және Мұқағали туралы мағлұмат алды.

Загрузка...