Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ұлттық спорт түрлерінен “Астана жұлдызы” республикалық турнирі өтті

Ұлттық спорт түрлерінен өткен турнирге еліміздің 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан командалар келді.

– Ұлттық спорт түрлері біздің терең тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Астана қаласының әкімдігі ұлттық спорт ойындарының жандануына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта жыл сайын қаламызда ұлттық ойындар мен жарыстар бойынша 200-ден аса іс-шара өткізілуде.

Енді міне, тағы бір жобаны іске асырып отырмыз. Бүгінгі фестиваль дәстүрлі спорт ойындары мен ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртқан, халыққа рух берген, Тәуелсіздік мерейтойына арналған керемет шара. Елорда әкімдігі алдағы уақытта да осындай жобаларды қолдап, ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көңіл бөлетін болады. Елбасымыздың бастамасымен осы «Қазанат» атшабарында жалпы көпшілікті ұлттық спорт түрлеріне баулитын арнайы Орталық ашуды жоспарлап отырмыз.

Құдай қаласа, мұнда қарапайым халыққа атқа мінуді үйренуге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ ойнауға және өзге де ұлттық спорт түрлерін үйренуге жағдай жасалады. Президентіміз 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын дене шынықтыру мен спортқа тарту туралы тапсырма бергенін білесіздер.

Осы ретте, Астана қаласының әкімдігі алдағы екі жылда бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала бойынша 22 спорт алаңын салуды жоспарлауда, – деді елорда басшысы Әсет Исекешев.


Ат шаптырым жерде халық алдымен теңге ілу сайысын тамашалады. Одан кейін Қыз қуу көптің көңілінен шықты. Ал білектілер Аударыспақта ат үстінде алысты. Үш күнге жалғасқан турнирде көкпаршылардың ішінен Астана құрамасы мен Ақмола облысының командасы финалда сынға түсті.

Думанды шара барысында «Қазанатқа» қазақ ауылы қонды. Мұнда 13 киіз үй тігіліп, жиналған жұртқа ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Сондай-ақ жастар үшін алтыбақан құрылып, балалар асық ойнап, ләңгі тепті.

Сонымен, «Алтын жұлдызы» республикалық турнирінің бас жүлдесіне Астана әкімі Әсет Исекешев автокөлік тікті. Бұл жүлденің иегері орта қашықтықтағы жүйріктер бәйгесінде анықталды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз