Ұлттық банк теңгенің аяқ-асты құнсыздануын түсіндірді

73 просмотров

ҚР Ұлттық банкі теңге бағамының күрт өзгеруіне сыртқы және бірқатар ішкі факторлардың да әсер еткенін айтады.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар және активтерді басқару департаменті директорының орынбасары Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, қазіргі уақытта ақша айырбастау бағамы еркіне жіберліген, сондықтан ол кез келген уақытта екі тарапқа ауытқи береді.

Ол айырбастау бағамына нешеме түрлі факторлар, оның ішінде, ең алдымен, мұнай бағасы және сауда-саттықта қоян-қолтық араласатын әріптес елдердің валютасындағы өзгеріс қатты әсер ететінін айтады. Теңге неге арзандады?

— Сонымен қатар, теңгеге ішкі факторлар да, атап айтқанда, нарыққа қатысушылардың іс-әрекеті, бюджет қаражатының қозғалысы, салық төлемдерінің кезеңі және соңғы кездері доллардан арылу сынды құбылыс та ықпал етеді, — деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.

Ұлттық банктегілер шілде айында мұнай бағасы төмендеп отырғанын баса айтты.

„Оған мұнай өнімдері нарығындағы ұсыныс көлемінің өсуі, АҚШ-тағы мұнайдың жеткілікті қоры туралы деректердің жариялануы, сондай-ақ АҚШ-тағы бұрғылау ұңғымалары санының ұлғаюы сынды жағдайлар себепші болды.

Соңғы кезде мұнай бағасының өзгеруі рубльді де қалтыратты. Бірақ рубль АҚШ долларына шаққандағы құны мұнай бағасының құлдырауы кезінде ғана төмендеді», — деп толықтырды өз сөзін Мұхамеджанов.

Осылайша, оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген факторлар салдарынан 2016 жылғы 26-шілдеде Қазақстан қор биржасында теңгенің америкалық валютаға шаққандағы құны 350,2 деңгейге дейін әлсіреді.

Еске салсақ, ұлттық валюта бағамы KASE қор биржасының 26-шілдедегі күндізгі саудасында 1 долларға шаққанда 351,02 теңгеге тең болып, 7 теңгеге әлсіреген болатын. Бүгін ақша айырбастау орындарында доллар тағы қымбаттады. Ол кеше 359 теңгеден саудаланса, бүгін сатылым құны 361 теңгені көрсетіп тұр.

Загрузка...