Тамыз айында валюта нарығындағы жағдай қалыпқа келді.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев Үкімет басшысының банкирлерімен кездескен кездесуінде мәлім етті деп хабарлады Кapital.kz.
– Шілде айының соңында валюта нарығында ұсыныс пен сұраныс арасында теңсіздік орнады, салдарынан теңге 4 пайызға арзандады. Шілде айында шетелдік валютаға ұсыныс азайды, бұл халықаралық мұнай нарығындағы бағаның төмендеуімен байланысты болды. Алайда тамызда жағдай реттеліп, қалыпқа келді.
Бүгін, 15-тамызда Қазақстан қор биржасындағы бір АҚШ долларының бағамы 343,39 теңге көлемінде саудаланып жатыр. Бұл деңгей ішкі, сонымен қатар сыртқы факторлардың ықпалын толықтай аша алады, бағада ешқандай толқу жоқ, төлем балансына қатысты жағдай да осылай, – деді Данияр Ақышев.
Сондай-ақ ол Ұлттық банктің көңілге қонымды сыйақы мөлшерлемесі бойынша нарықтық операциялар арқылы банктердің ақшасының өтімділігін қамтамасыз ететіндігін мәлім етті.
„Қазіргі уақытта Ұлттық банкте корр шотта, қысқа мерзімді нота мен депозиттер түрінде екінші деңгейлі банктер 2,2 трлн теңге ақша сақтап отыр„ – деді ол.