Үлескерлер енді жер сипап қалмайды. Алданған жағдайда арнайы қордан ақшасы қайтарылады

38 просмотров

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық инфрақұрылымдарды дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның жаңа нормаларын түсіндіріп берді.

Ұлан Жазылбек күшіне енген заң тұрғын үй құрылысына xалықтың қаражатын тартудың жаңа тетіктерін енгізуге және үлескерлердің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталғандығын атап өтті деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Бұрын қолданыста болған заң қойылған міндеттерді орындаған жоқ. Мәселен, 2010 жылдан бастап тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу саласында үлескерлердің қаражатын тартуға тек бір ғана лицензия берілген. Құрылыс салушылар тұрғын үй мақсатындағы нысандардың құрылысына үлескерлердің ақшасын нысаны мен мазмұны реттеушілік салаға жатпайтын өзге де мәмілелерді жасау арқылы заңнама нормаларынан тыс тарту мүмкіндігіне ие болды. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы жаңа заңды әзірлеу шұғыл қажеттілігі туындады», — деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, жаңа заң үлескерлердің қаражатын қорғау тетіктерін қамтып отыр. Оның аясында кепілдік беру қоры құрылады, үлескерлердің қаражаты екінші деңгейлі банктерде орналастырылып, ол заңмен қадағаланады және ол қаржы тұрғын үй нысанының қаңқасы салынып біткен кезде ғана беру сияқты талаптар қарастырылған.

Бұл ретте, құрылыс салушының тұрғын ғимараттар құрылысы бойынша кемінде үш жыл тәжірибесі болу керек және республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста кемінде 18 мың шаршы метр және өңірлерде кемінде 9 мың шаршы метр салу керек, соңғы екі қаржы жылында шығынсыз қызметінің болуы, сонымен қатар, қарыз және меншікті капиталының арақатынасы жетіден аспауы тиіс.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жанынан Қазақстан Республикасында үлестік салымдарына кепілдік беру жүйесін құру үшін 10 млрд. теңге жарғылық капиталы бар Тұрғын үй құрылысын кепілдік беру қоры құрылған, ол капитал жетімділігінің нормативіне сәйкес тұрғын үй объектілері құрылысын 200 млрд теңгеден аспайтын сомаға кепілдік беруге мүмкіндік беретін болады. Қордың кепілдігін алу үшін құрылыс салушысы және уәкілетті компания белгіленген талаптарға сай болу керек», — деді Ұлан Жазылбек.

Кепілдік беру қоры, құрылыс салушысы және уәкілетті компания арасындағы кепілдік шарты үлескерлердің ақшасын тартуға негіздеме болады.

Уәкілетті компания тұрғын ғимарат құрылысы жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда кепілдік беру жағдай басталады, бұл жағдайда Кепілдік беру қоры құрылысты аяқтауға және үлескерлерге пәтерлерін беруге кепілдік береді.

«Барлық рәсімдерді өтіп болғаннан кейін құрылыс салушы және уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін жергілікті атқарушы органға шағымданады, сол рұқсаттың арқасында олар үлескерлердің ақшасын тартуға мүмкіндігі бар, бірақ ол ақшаны екінші деңгейдегі банктің шешімі бойынша тұрғын ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін пайдалануға мүмкіндігі бар.

Банк инжинирингтік компания орындаған жұмыстар көлемін растағаннан кейін орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес ақшаның мақсатты пайдаланылуына бақылауды жүргізеді және ақшаны бөледі», — деп түйді ол.

Загрузка...