Квазимемлекеттік компаниялардың депозитке ақша салып тапқан табысын бюджетке қайтару ұсынылды

26 просмотров

Квазимемлекеттік компаниялардың депозитке ақша салып тапқан табысын бюджетке қайтару керек. Бүгін Парламент Сенатында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебінің талқысында Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бисенбаев осылай мәлім етті деп хабарлайды inform.kz.

«Республикалық бюджеттің қаражаттарын ысырапсыз және тиімді пайдалану — мемлекеттің басты міндеті. Бүгінгі күнгі бюджеттің орындалуында жыл сайын қайталанатын бұрынғы кемшіліктердің барлығы түгелдей жойылған деп айтуға ертерек екенін көрсетіп отыр. Жылда қайталанатын жүйелі кемшіліктердің орын алуына бәріміз куә болып отырмыз.

Мәселен, квазимемлекеттік компаниялардың екінші деңгейлі банктер депозитіне орналастырып, содан пайыздық табыс алуы әлі жалғасып келеді. Ендеше, осындай жолмен тапқан қаражатты бюджетке қайтаратын уақыт келген секілді. Керек боса бұны заңмен қайтаруды қолға алуға тиіспіз», деді Асқар Бисенбаев.

Оның айтуынша, нысаналы трансферттің пайдалану тиімділігін арттыру да маңызды болып отыр.

«Өңірлердегі аяқталуы тиіс 576 бюджеттік-инвестициялық жобалардың іс жүзінде 527-і ғана орындалуы талдауды және орындаушылардың жауапкершілігін қарауды қажет етеді. Бюджет тапшылығы кезінде біз үшін әрбір тиынның тиімділігін көтеру өзекті. Кемшіліктерді анықтап, тіркеп қоймай, оның алдын алу мен жою жолдарын қарастыру да маңызды мәселеге айналды», — деді сенатор.

Загрузка...