Комиссияның осы уақытқа дейін қабылдаған шешімдері туралы айтылды

32 просмотров

Жер реформасы жөнiндегi комиссияның Атырауда өтiп жатқан сегiзiншi отырысында комиссияның құқықтық жұмыс тобының жетекшiсi Мұхтар Тайжан осы уақытқа дейiн қандай шешiмдер қабылданғанын айтып өттi.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

— Кейбiр адамдар бiзге сын айтып жатыр. Оны орынды деп ойлаймын. Бiрақ, халыққа маңызды бiрқатар шешiмдi бiз қабылдадық. Жайылым жер туралы көп айтылып жатыр. Шынында да, жайылым жер қазiр жетiспейдi. Сондықтан бiздiң шешiмiмiз бойынша, әр ауылдың аумағында нақты радиустың iшiнде жер ешкiмге жалға да, меншiкке де берiлмейдi. Яғни, сол ауылдың жайылым жерi болады деген сөз, — дедi Мұхтар Тайжан.

Оның айтуынша, екiншi үлкен мәселе – қазақстандықтарға жердi жалға беру.

— Соңғы заңдағы өзгерiстер бойынша қазақстандықтардың жердi жалға алу мүмкiндiгi алынып тасталды. Бiз осы мүмкiндiктi қайтарып отырмыз. Яғни, Қазақстан азаматтары жердi 49 жылға дейiн жалға ала алады. Келесi өте маңызды мәселе – латифундизмге қарсы жасалған қадам.

Латифундизм ауыл шаруашылығына өте зиян. Сондықтан бiр адамға берiлетiн жердiң көлемiне шектеу қойылады. Бұл өте маңызды. Осындай шешiмдердi бiздiң жұмыс тобы да қабылдап, комиссияға берiп, соңғы Астанада өткен отырыста комиссия осы шешiмдердi бекiтiп алды деп айтуға болады. Сосын бұл ұсыныстар Парламентке берiледi, — дедi отырыста құқықтық жұмыс тобының жетекшiсi Мұхтар Тайжан.

Айта кетсек, бүгiн Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерінiң Атырау облысы халқымен кездесуi өтiп жатыр. Сегiзiншi отырысқа комиссияның 25 мүшесi қатысып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейiн комиссияның Астанада төрт, ал үш көшпелi отырысы Ақмола, Алматы және Қызылорда облыстарында өткен болатын.

Загрузка...