Жер туралы комиссияда жерді жалға берудің демократиялық шарттары ұсынылды

39 просмотров

Жерді жалға берудің демократиялық шарттары жарияланды.

Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтіп жатқан Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның кезекті отырысында экономикалық топтың жетекшісі Ақылбаев Күрішбаев осындай ұсынысты алға тартты деп хабарлайды Baq.kz.

— Біріншіден, ашығын айтсақ, қазіргі кезде көптеген жағдайда жерді жалға беруді әкімдердің өздері шешіп жатқаны жасырын емес. Бұған қатысты біздің ұсынысымыз, жерді жалға беру демократиялық негізде, ашық түрде болуы керек. Сондықтан бұл мәселені әкімдердің жеке құзырында қалдырмай, халықтың өкілдері кіретін комиссия шешуі керек.

Комиссияға қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және жергілікті өзін-өзі басқару өкілдері кіруі керек. Яғни, жерді жалға беру, я болмаса, мемлекекте қайтару мәселесін тек осы қоғамдық комиссиялар ғана шешуі керек. Екіншіден, қазіргі таңда жерді беру туралы ақпарат, көбінесе, жасырын түрде өтеді деуге болады.

Мұндай мәліметтеді әкімдердің қасында жүргендер көбірек біледі. Біз жерді жалға беру туралы ақпаратты 30 күн бұрын әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан, облыс пен республика деңгейінде ашық түрде ұйымдастыруды ұсынамыз, яғни қарапайым халық қай жерде, қанша жер аумағы жалға берілетіні туралы хабардар болуы керек, — деп атап көрсетті Ақылбек Күрішбаев.

Экономикалық топтың үшінші ұсынысы келесі мәселеге саяды. Бүгінде жерді жалға беру туралы келісімшарт жобасын әкімдер өздері дайындайды. Күрішбаевтың тобы осы жүйемін келіспей отыр.

— Біз мемлекеттік деңгейде бірыңғай типтік келісімшарт жасауды ұсынамыз. Онда жалға алушының құқықтары және міндеттері барлық аймақтарда үшін бірдей болуы керек. Төртіншіден, жер сапасын бақылап отыру қажет. Ашығын айту керек, елімізде жер сапасын бақылау жүйесінде көптеген кемішіліктер бар.

Мысалы, бүгінгі таңда ауыл шаруа қожалықтарының жердің төлқұжаттары, паспорттары әлі жоқ. Сонымен қатар, бізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың әдістемесі 2003 жылы бекітілген. 13 жылдың ішінде қаншама экономикалық өзгерістер өтті. Ал дамыған мемлекеттерде әрбір үш-бес жыл сайын жердің бағасы жаңартылып отырады.

Осыған байланысты жердің нақты салықтық бағасына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Мәселен, еліміздің кейбір құнарсыз жерлердің салық мөлшері құнарлы жерлердің салық бағасынан қымбат. Ал кейбір аймақтарда жайылым мен шабындық жерлері егістіктен де жоғары», — деп атап көрсетті ол.

Жер комиссиясына кіретін топтың бесінші ұсынысы жерді заңсыз бөлу фактілері үшін жауапкершілікті күшейту мәселесіне арналған. Себебі ондай жағдайлар халықтың нарызылығын тудырады. Өкінішке қарай, заң бұзушылық әрекеттеріне мемлекет сенім білдіріп отырған лауазымды тұлғалардың өздері жол беруде. Ал бұл жағдайлар заңның әлсіздігінен туындап отыр.

Мәселен, ҚР Әкімшілік кодексі бойынша құзіретті тұлға жерді жалға заңсыз беретін болса, жерді мемлекетке заңсыз қайтарса, оған салынатын айыппұлдың мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішін құрайды. Оның көлемі 63 мың 600 теңгеге тең.

— Бұндай жазалау шараларымен біз ешқандай тәртіп орната алмаймыз. Сондықтан Әкмішлік кодексті күшейтуді ұсынамыз. Ал егер заңсыз әрекеттер мемлекеттің мүддесіне қайшы келсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекс бойынша жауап берулері керек деп есептейміз. Қоғамдағы көптеген түсінбеушілік ашық ақпараттың жоқтығынан туындайды. Сондықтан біздің ұсынымыз, кімнің қанша жері бар туралы ашық ақпарат беретін сайт ашу керек. Сонда кез келген адамға жер мәселесінен хабардар болуға жағдай жасаймыз. Ал халықтың үкіметке деген сенімі артады, — дейді Ақылбек Күрішбаев.

Айта кетейік, күні кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдап, жер реформасы бойынша республикалық комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды. Осы және басқа да мәселелер тамыздың соңында өтетін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде қаралмақ.

Загрузка...