Үкіметтен халық түгілі депутаттар да жауап ала алмайды

66 просмотров

Үкіметтің 2015 жылғы республикалық бюджет жөніндегі есебінде қаржылық қателер қаптап жүр. Сондықтан бюджеттен қыруар ақша бөлінген үкіметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанына қатысты күмән көп.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысынан кейін сұхбат берген депутат Татьяна Яковлева осылай деді. Оның айтуынша, бюджетті жоспарлау кезінде мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер біресе қысқарады, біресе өсіп шыға келеді.

Сондықтан республикалық бюджет есебіндегі мақсатты индикаторлар көрсеткіші негізсіз де, олар соңғы нәтиже мен тиімділікті көрсетпейді.

— Мысалы, „Саламатты Қазақстан„ мемлекеттік бағдарламасында 2013-2015 жылдарғы бірнеше мақсатты индикаторлар бойынша белгіленген жоспарлық көрсеткіштер 2011-2012 жылдары игеріліп кеткен. Ал осы шараның 11 пункт бойынша соңғы нәтижеге қол жеткізілген немесе жеткізілмегенін анықтайтын көрсеткіш мүлде берілмеген.

Сол секілді дәрі-дәрмекті жоспарлау мен сатып алуларда да мәселе бар. Мысалы, Семей қаласындағы онкодиспансер іске қосылмаған. Бірақ олар 6 млрд теңгені игеріпті. Сонда іске қосылмаған нысанға қалай ақша бөлінген? Демек, ешқандай бақылау жоқ.

Мәжілістен тыс пікірінде депутат „Нұрлы жол„ мен тұрғын үй бағдарламасын да сынға алды.

— „Нұрлы жол„ бағдарламасын алалық, Үкіметтің есебі бойынша, бұл арада 638,8 миллион теңге игерілмеген. Алайда жергілікті атқарушы органдар игерілмеген ақшаны 2 млрд теңге деп көрсетеді. Сол секілді „Бәйтерек„ холдингі осы бағытта 62,4 млрд теңгені ұқсата алмаған. Логикаға салсақ, егер бұлар бір бағдарламаға жатса, онда игерілмеген қаражат 65 миллиард теңгені құрайды ма?

Сол секілді тұрғын үй бағдарламасына да қатысты түсініксіз жайт бар. Бұл арада үкімет игерілмеген соманы 25 миллиард теңге деп көрсетеді, ал бағдарламаның орындалуы көрсеткіші 106,6 пайыз, яғни асыра орындалған. Сонда бұл қалай болғаны?..

Депутаттың айтуынша, тізбелей берсе, мұндай қатені Үкімет есебінің әрбір бетінен тауып алуға болады. Бірақ оған қатысты түсініктеме алу, тіпті депутаттардың өзіне өте қиын екен.

— Бұл мәселені депутаттар үнемі көтереді. Үкімет мүшелері осында келгенде де сұраймыз. Алайда біз оған үнемі толық жауап ала бермейміз. Сондықтан депутаттар артынан Үкімет өкіліне арнайы сауал жіберуге мәжбүр болады. Бірақ ол ешқандай нақты аргументі жоқ сыдыртпа жауап болып шығады. Одан кейін депутаттар да халық алдында кейбір мәселелер бойынша нақты жауап бере алмай, күмілжиді, — дейді ол.

Загрузка...