Киев пен жікшілдер оқ атпау режимін сақтап отыр

19 просмотров

Украинаның шығысындағы шиеленіс аймағында 1-қыркүйекке қараған түні соғысты тоқтату режимі енгізілді. Осыдан кейін оқ атылмады. Бұл жөнінде Украинаның қорғаныс министрі Степан Полторак мәлімдеді.

Украина қорғаныс министрінің сөздерінше, әрбір 15 минут сайын жаңалық алып отырады. Бүгін таңертең бітімнің сақталғаны туралы жағымды ақпарат алған.

Соңғы уақытта Донбастағы жағдай ушығып кеткен болатын. Полторак мұны Ресейдің «Кавказ-2016» әскери жаттығуын өткізгенімен байланыстырды. Таяуда ғана сепаратистермен болған күресте украин әскери қызметкері қайтыс болды.

Өздерін өздері жариялаған Донецк және Луганск халықтық республикасы да Украина әскері тарапынан оқ атылмағанын мәлімдеді.

Украинаның шығысындағы шиеленіс алаңында соғысты 1 қыркүйектен бастап тоқтату туралы келісім 26 тамызда Минскіде жасалды. Бітімге келу туралы бастаманы Украина жаңа оқу жылының басталуына орай көтерді.

Украинаның шығысындағы кикілжің 2014 жылдың көктемінде Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін басталды. Киев пен Батыс елдері Ресейді қарулы сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Кремль болса бұл айыптауларды жоққа шығарады. БҰҰ мәліметінше, 2014 жылдың сәуір айынан бері Донбаста тоғыз жарым мың адам қайтыс болған.

Загрузка...