Кенжеғали Сағадиев: «Жерді Қазақстан азаматтарына сатуға болады»

45 просмотров

Қызылорда облысы Сырдария ауданында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында комиссия мүшесi, мемлекет қайраткерi Кенжеғали Сағадиев жердi Қазақстан азаматтарына қандай жағдайда сатуға болатынын тiзiп бердi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Кенжеғали Сағадиевтiң айтуынша, жердi Қазақстан азаматтарына сатуға болады, тек нақты кiмге берiлетiнiн анықтап алу қажет.

«Жердi кiмге сатуымыз керек? Бiрiншiден, жердiп сатып алуға үмiткерлер өз отбасымен бiрге ауыл тұрғыны болуы керек. Және жер сатып алу үшiн бүгiн ғана келген емес, ауылда бiрнеше жыл тұрып, сол ауылдың тұрғыны ретiнде өзiн көрсеткен азаматқа жеке меншiкке берiлуi тиiс. Екiншiден, ауыл шаруашылығымен айналысуға жарайтын бiлiмi мен тәжiрибесi, дайындығы бар азаматқа беру қажет. Кiм көрiнгенге беруге болмайды. Сондай-ақ, заман талабына сәйкес жаңа технология енгiзе алатын, соған қажеттi қаражаты бар азаматқа берген жөн»

— дейдi К.Сағадиев.

Бұдан бөлек, жеке меншiкке берiлетiн жерлер екiншi рет сатылмауы керек. Жеке меншiк иесi оны басқа адамға жалға да бере алмайды. Егер жер иесi әр түрлi жағдаймен жердi пайдалана алмаса, оны мемлекет меншiгiне өткiзедi.

«Жердiң құнарлығын, дұрыс пайдалануын, осы саладағы экологиялық мәселенi бақылайтын, соған мониторинг жасайтын бiр инспекция түбегейлi және пәрмендi түрде қайта құрылып, тиянақты заңдастыру қажет.  Сонымен бiрге, қазақ жерiн жемқорлыққа айналдырған жағдайлармен табанды күрес ашуымыз керек»

— дедi комиссия мүшесi.

К.Сағадиев жергiлiктi басқару жүйесiн тиянақты ұйымдастыруды ұсынды. Сонда ғана жердiң иесiн табамыз дейдi ол.

«Ауылда өзiн-өзi басқарып отырған ұжым жердi бұрмалауға жол бермейдi. Бұған қоса, ауылға жұмысқа келген жас мамандар бiрнеше жыл еңбектен соң, оларға жердi тегiн беру қажет. Олар сол жерде қалуы керек», — дейдi ол.

Комиссия мүшесiнiң айтуынша, елдiң келешегi ауыл шаруашылығы кооперативтерiне байланысты.  Кооперативке өз пайымен, мүлкiмен немесе өз қаржысымен кiрген  азаматтарға жеңiлдiк жасап, демеу берген абзал.

«Үмiткерлерге сатылатын жер көлемi заңдастырылуы керек. Сатып алған 1,3 млн гектар жер бар ғой. Сондағы жер иелерiнiң алған жер көлемi бiз ұйғарған мөлшерден артық болса, соларды қайтарып алуға тiкелей шаралар қолдануымыз керек», — деп қорытты сөз соңын К.Сағадиев.

Естеріңізге сала кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссияның алтыншы көшпелі отырысы Қызылорда облысында өтіп жатыр.

Загрузка...