«Kazsport» телеарнасы жаңа сапада хабар таратып, жерлесіміз Головкинді қолдайды

37 просмотров

«Kazsport» телеарнасы хабар таратуда «ОтауТВ-ның» тегін пакетіне қосылды. 

Бұл туралы бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

Мұны даңқты жерлесіміз Геннадий Головкиннің Келл Брукпен жекпе-жегі қарсаңындағы көрермендерге арналған кішігірім сый болды деп айтсақ та болады.

«Құрметті достар! Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Kazsport» телеарнасын HD форматына көшіруді сәтті аяқтады.  Осылайша, отандық телевизияның хабар таратуын жоғары сапаға көшіруге алғашқы қадам жасалып отыр.

Атап айту керек, жаңа форматты әзірше «ОТАУ ТВ» операторының 4 миллиондық аудиториясы пайдаланады.
Енді, еліміздің басты спорт телеарнасының көрінісі 5 есеге артады. Ал, «Kazsport» «ОТАУ ТВ-ның» тегін пакетіне қосылады» деп жазады министр өз жазбасында.

Сондай-ақ министр барлық тест жұмыстары мақсатты түрде 10 қыркүйек қарсаңында аяқталғанын баса айтады. 

«Себебі, бүгін барша еліміз даңқты жерлесіміз Геннадий Головкиннің Келл Брукпен жекпе-жегін асыға күтуде.
Осы айтулы спорт кешін Сіздер енді мүлде жаңа сапада көресіздер.  Ел мерейін асырған жерлесімізге жеңіс тілеймін!» — дейді Дәурен Абаев.

Загрузка...