Күрішбаев: «Жердің сапасы қандай? Біз мұны білмейміз»

32 просмотров

Жер комиссиясының бүгінгі отырысында экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек Күрішбаев өзі басқарған топ ауыл шаруашлығы жерлерін мониторингілеу мен кадастр жүйесіндегі проблемаларды жіліктеп тұрып көрсетіп бергенін айтты.

Бұл туралы Bnews.kz  хабарлайды.

«Елімізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтау жүйесі 2003 жылы, яғни 13 жыл бұрын бекітілген. Ал дамыған елдерде әр 3-5 жылда жердің бағасы жаңартылып отырады. Жерді бағалау жүйесінің әдістемесіне келсек, біздің мамандарымыз топырақты зерттеуде өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы әдістемелерді қолданады», — дейді А.Күрішбаев.

Оның айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының көбісінде жердің төлқұжаттары жоқ екені анықталып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жерді мониторингілеу функциясы берілген. Бірақ оны атқаратын мекеме жоқ. Республика бойынша небары 217 ғана жер инспекторы жұмыс істейді.

«Сондықтан қазір біздің ең басты міндетіміз – жер сапасының шынайы жағдайын білу. Жердің сапасын білмей, тиімді жүйе қалыптастырып алмай, реформаны қалай жасаймыз?», — деп атап көрсетті А.Күрішбаев. Осы орайда ол мораторийді бес жылға ұзарту ұсынысын толығымен қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Жер комиссиясы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мен сату мәселесі бойынша тиісті ұсыныстарды даярлап, оны Парламент қарауына ұсынады. Осының негізінде нақты шешімдер қабылданады.

Загрузка...