Күрішбаев: «Жайылым жерлердi не жалға беруге, не сатуға болмайды»

108 просмотров

Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Нағи Iлиясов ауылында өткен Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында экономикалық жұмыс тобының жетекшiсi Ақылбек Күрiшбаев өз ұсыныстарымен бөлiстi.

«Үкiмет ұсынып отырған заң жобасында жердi жеке меншiкке беруге басымдық жасалған. Тiптi жалға алушылар 49 жыл мерзiм аяқталған соң, не жердi сатып алуы керек, не мемлекетке қайтаруы керек. Бұл болашақта жалға алу мерзiмi аяқталған соң, жердiң бәрi меншiкте болады деген сөз. Экономикалық жұмыс тобының мүшелерi мұнымен келiспейдi. Олардың ұсынысы бойынша, бұрынғыдай 2003 жылы қабылданған Жер кодексiне сәйкес жердi жалға берудi жалғастыру керек», — деген А.Күрiшбаев оның артықшылықтарына тоқталды деп хабарлайды BNews.kz.

Бiрiншiден,комиссия мүшелерiнiң пiкiрiнше, бұл жердi жеке меншiкке сатып алуға мүмкiндiгi жоқ азаматтарға тиiмдi. Екiншiден, әлеуметтiк әдiлдiк принциптерi сақталады.

«Үшiншiден, егер жердi 49 жылға жалға берудi әрi қарай жалғастыруға мүмкiншiлiк болса, жердi мұрагерлiкке беретiн болса, онда ол жердi сатып алмайды, ақшасын шығындамайды. Сондықтан жердiң көбiсi мемлекеттiң құзырында, меншiгiнде қалады деген сөз. Тағы бiр ұсынысымыз бар — ауылда тұратын азаматтарды қолдау үшiн жердi жалға берген кезде, жергiлiктi тұрғындарға, ауыл шаруашылығын бiлетiн мамандарға басымдық беру қажет»

— дедi ол.

Бұдан бөлек, экономикалық жұмыс тобының мүшелерi бiр қолға жалға берiлетiн жер көлемiн шектеудi қолдайды.

«Елдi мекендердiң жайылымдары үлкен мәселе болып отыр. Осыған байланысты екi ұсынысымыз бар. Бiрiншiден, елдi мекендердiң жанындағы жайылымдардың радиусын анықтау қажет. Екiншiден, елдi мекендердiң қасындағы жайылымдар мемлекет меншiгiнде қалуы керек. Бұл жерлердi не жалға беруге, не сатуға болмайды. Төртiншi, суармалы жерлер —  бiздiң алтын қорымыз. Бұл мәселеге өте сақ болуымыз керек. Бұл ретте, шаруашылық аралық су каналдары мен коллекторлық жүйелердiң жерлерi мемлекет құзырында қалуы тиiс. Бұл жерлердi жалға да беруге болмайды», — дедi Ақылбек Күрiшбаев.

Комиссияның бұл жұмыс тобы жер мәселесiнiң ашықтығын қамтамасыз ету үшiн арнайы сайт ашуды ұсынды. Яғни, кiмнiң қанша жерi бар екенiн халық бiлiп отыруы керек. Сонда қоғамдық бақылау болады.

«Жердi бағалау мәселесiне келсек, жердiң кадастрын соңғы рет 2000 жылы қабылдаппыз. Сол кездегi өнiм, бағалау мәселесiмен әлi келе жатырмыз. Осыны қайта қарау керек. Бұдан бөлек, жер инспекторларының жұмысы жеткiлiксiз. Жергiлiктi жерлерде заңбұзушылық бар. Жердi тексеретiн комиссиялар жетiспейдi. Бүкiл ел бойынша 100 млн гектар ауыл шаруашылық жер болса, 217 ғана жер инспекторы бар екен», — дедi жұмыс тобының төрағасы.

Загрузка...