Қазақстанда үш әйелімен бақытты өмір сүретін адам Ақтөбеде тұрады. Ол – жеке кәсіпкер, жылқы шаруашылығымен айналысады.
Ақтөбелік кәсіпкер Орынбай Жолмұратов өзінің кәсібі мен отбасы жайлы құпиясымен aktobenews.kz порталына берген сұхбатында бөлісіпті.
– Екінші келіншегімді бәйбішемнің өзі барып алып берді. Ал үшінші рет үйленгенде 50 жаста болдым. Жас әйелім ол кезде – 22-де еді, — дейді отбасы иесі.
Оның айтуынша,
бірнеше әйел алуды ұсынған бәйбішесі екен.
– Үлкен әйелім сыр бермейді. Негізі, бәрін шешетін сол. Одан ешкім аса алмайды. Екі әйеліммен бір шаңырақтың астында 23 жыл бірге тұрдым. Балалар да бірге өсті. Қазір кіші әйеліммен тұрамын. Үлкен екеуі қалада тұрады. Үйде қызғаныш, ұрыс-керіс деген болмайды. Балалардың тойларын бірге атқарамыз. Әйел алу ойыншық емес. Оны Алланың өзі реттейді, — дейді ол.
Сондай-ақ кәсіпкер өз сұхбатында қымызды қалай быптайтынымен де бөліскен. „Күбіні кейде құртқашашпен, киік отымен, көбіне тобылғымен ыстайды„ дейді ол.