Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
6
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Көкшетаулықтарға „Нұрлы жол„ бағдарламасы аясында арзан пәтер алудың жолы түсіндірілді

113

Еліміздің экономикалық қуаты артып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарған сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, ауқымы да кеңейе түсті. Бірақ, әлі де еліміздің аз қамтамасыз етілген топтарын және жас отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуде проблемалар жетерлік. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен биыл елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, салынған кредиттік тұрғын үйлердің 50 пайызы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар арасында бөлінуі тиіс. Оның үстіне, олар аталған банктің салымшылары болуы керек.

Қалада жылдар бойы пәтер жалдап, бір баспанаға зар болып жүргендер аз емес. Осылайша, олардың ай сайынғы тірнектеп тапқан табысы өзгенің қалтасын қампайтты. Үйсіз жүрген жастардың көпшілігінде қаржы жоқ, тіпті, несие алу мүмкіндіктері де шектеулі. Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің жеңілдікпен берілетін кредиттерінің өзіне де кез келгеннің қолы жете бермейді. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі Зоя Таткенова тұрғын үй кезегіне тұрып, банктен депозит ашқанымен, пәтер жалдап тұратындықтан, тиісті қаражат жинау қиындау болып тұрғанын алға тартып, баспанаға қол жеткізудің жолдарын сұрады.

«Кей отбасылардың қаражат жинау мүмкіндігі жоқ екендігін түсінемін. Алайда, банк арқылы баспана алудың ең басты жолы – салымшы болу. Қаражат жинағандардың ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Биылдан бастап жүзеге асырылатын «Нұрлы жол» бағдарламасымен біздің банк арқылы пәтер иесі атану үшін жылдап кезекте тұрудың қажеті жоқ. Яғни, клиенттердің төлем қабілеті болса, онда олар бірден аталған жобаға қатысу үшін өтініш жасап, 1-2 немесе 3 бөлмелі баспана иесі атана алады. Олар үшін пәтердің әр шаршы метрі 100 мың теңге. Бұған дейін пәтерлердің 50 пайызы жергілікті атқарушы органдарға кезекте тұрғандарға, 50 пайызы банк салымшыларына беріліп келді. «Нұрлы жол» бойынша баспана алу үшін міндетті түрде алатын пәтер құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Айталық, 1 бөлмелі пәтер құны 4 миллион теңгеге жуықтаса, 1 миллион 200 мың теңге қаражат жинауға тиіссіз», – дейді Нұржан Әлібеков.

Үй алғысы келген азаматтар қолындағы бар ақшасын «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинап жатыр. Алайда,  көп салымшылар жиналған ақшаларының тұрғын үй алуға жетпейтіндігіне алаңдаулы. Осыдан төрт жыл бұрын банктен депозит ашқан Еркін есімді қала тұрғыны жыл сайын пәтер бағасы шарықтап өсіп жатқанын, әрі өзі пәтер жалдап тұратындықтан банк талап еткен соманы жинау мүмкін емес екендігін алға тартып, кеңес сұрады.

«Банк арқылы немесе жергілікті атқарушы орган арқылы баспана алуға қатысуға болады. Егер банк арқылы қатыссаңыз, пәтер құнына сай жинау салымы болуы тиіс. 1 бөлмелі пәтердің 1 шаршы метрі 100 мың теңге, яғни, 46 шаршы метр 1 бөлмелі пәтердің құны 4 миллион 600 мың теңге. Осы ретте салымшы 2 миллион 300 мың теңге жинақтауы тиіс. Негізі, пәтер құнының 50 пайызын жинау керек. Алайда, пәтердің толық сомасын жинағандардың баспана алуға мүмкіндігі жоғары екенін баса айтқым келеді. Бұрын жергілікті атқарушы органдарда тізімде тұрғандардың алдыңғылары пәтер алып келді. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында банк салымшылары арасындағыдай конкурс өткізіледі. Егер сіз кезекте 500-ші болып тұрсаңыз да депозитте жинаған қаражатыңыз болса пәтер алуға мүмкіндігіңіз де жоғары болады. 3 мың адам кезекте тұғанымен, олардың барлығының бірдей банктен депозит ашпағаны белгілі. 2017 жылы Көкшетаудағы Абылай хан даңғылы, Сарыарқа ықшам аудандарында 216 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұл пәтерлердің кілті тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттеріне беріледі. Яғни, сатып алушының міндетті түрде аталған банкте есепшоты болуы керек. Және онда жылжымайтын мүлік құнының 30 пайызы болуы шарт», – дейді Нұржан Әлібеков.

Жасырары жоқ, соңғы жылдары облыс орталығында баспанаға мұқтаж жандар саны артып келе жатқаны байқалады. Бәлкім, бұл – олардың мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа көбірек иек артуы немесе халықтың басым бөлігінің тұрмыс деңгейі төмен болғандығы. Өйткені, қабылдауға келгендердің көпшілігінің баспана бабы келіспей жүр. Бірінікі ескі болса, енді бірі жалдап тұруға мәжбүр.

«Банктен шотты жай ғана ашып қою жеткіліксіз. Жеті жыл бұрын ашып, 10 мың теңге ғана салған тұрғындар да бар. Сондықтан да, осы бастан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде кезекте тұрған азаматтар өздері туралы мәліметтерді қайта тексерткендері жөн. Өйткені, кей азаматтарда ЖСН болмайтын жағдайлар кездесіп жатады», – дейді Нұржан Әлібеков.

Қалалық құрылыс бөлімінен алынған мәліметтерге үңілсек, жыл басында тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін  «Сарыарқа» шағын ауданында тоғыз қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы ауданда жас отбасылар үшін 30 пәтерлі 3 тұрғын үй салынады. Биылғы жылдың шілде айында Көктем шағын ауданында 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Сондай-ақ Центральный шағын ауданында тоғыз қабатты 45 пәтерлі үй салынып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз