Ішіп алып, анасына қол көтерген жігіт сотталып кете жаздады

46 просмотров

Атырау облысының Исатай ауданында араққа сылқия тойып, анасына қол көтерген 25 жастағы жігіт сотталып кете жаздады.

Бұл туралы Атырау облысы Исатай аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау облысының Исатай аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабымен баласының үстінен арызданған ананың жеке айыптау ісі қаралды.

Іс материалдарында көрсетілгендей, 25 жасар Д. деген азамат түнде достарымен үйіне келіп, ауласында тұрған көлікті ұрғылап, тыныштықты бұзған. Сол кезде есік алдына шыққан ана олардың кетуін өтінеді.

Бұған ашуланған мас жігіт анасының айтқанын тыңдамай, оны балағаттап, қолын қатігездікпен қайырып, сарайға апарып қамап қойған.  Алайда, анасы қамаудан амалын тауып босап шығып, полицияға барып шағымданған.

Сот отырысында бұзақы баласына анасы кешірім берді және Қылмыстық кодекстің 109-бабында көзделген қылмысты жасауда баласын айыптаудан бас тартатындығы туралы өтініш ұсынып, медиация тәртібінде татуласқандарын айтты.

Сотталушы Д. анасынан кешірім сұрап, лайықсыз іс-әрекетін мойындады.

Сот сотталушының жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты жеке айыптау ісін тоқтатты.

Загрузка...