Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Илья Ильиннің жеке бапкері спорттан кететінін мәлімдеді

“Ильямен бірге жұмыс істеп, оның жеке бапкері бола тұра, халықтың, Президенттің алдында үлкен жауапкершіліктің бар екенін сезінесің. Өйткені, біз елдің туын көтеріп жүрміз. Осы жауапкершілікке байланысты мен үлкен спорттан біржола кетуді шештім. Орын алған жайттың құрбаны болғым келмейді, біз туралы жұрттың не жазып жатқанын онсыз да оқып отырмыз. Илья Ильин сынды даңқты спортшы туралы әңгіме болғанда, неліктен спортшыны жазалайды да, бапкері жазасыз қалады деп сұрайтындар көп. Сондықтан, мен ұлттық құрамамен келісімшартты үздім. Бұл менің өз шешімім. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Және бұл шешімімді дұрыс деп ойлаймын. Шынымды айтсам, Ильяның өзі бұл туралы әлі естімеді. Естісе көңіл-күйінің қандай болатынын біліп тұрмын. Бірақ, оны өзгелер айыптап жатқанда мен қарап тұра алмаймын…”, – дейді Бектеміров.

Оның айтуынша, 4 және 8 жыл бұрын не болғанын еске түсіру қиын. Кімнің не істеп, не қойғанын айта алмаймын дейді ол. Бектеміров болып жатқан жағдай саясатпен байланысты деп те есептейді.

“Мұны саясатқа бұру қазір қолайлы болып тұр. Мен де солай ойлаймын. Бірақ, қалай болғанда да дерек бар: Ильяны допинг пайдаланды деп айыптауда. Бұл дегеніңіз жауапкершілікті тек Илья ғана емес, оның айналасында жүрген біз де өз мойнымызға алуымыз керек. Міне, мұндай қадамға баруымның тағы бір себебі осы. Өзгелер мені дұрыс түсінеді деп ойлаймын”, – дейді ол.

Жаттықтырушы WADA-ның кей әрекеттерін түсінбейтінін де айтып отыр. Мәселен, аталған ұйым 2013 жылы допингті анықтайтын жаңа әдіс ойлап тапқанын хабарлаған болатын. Алайда, сол кезде ешкімнің сынамасы тексерілген жоқ.

Егер дәл сол жылы спортшыларымыздан тыйым салынған препараттарды тапса, 2 жылдық шеттетудің уақыты 2015 жылы аяқталатын еді. Яғни, Ильин Рио олимпиадасына биыл баратын еді дейді ол. Алайда, WADA үш жыл күтіп, тек биыл ғана атлеттердің соңына шам алып түсіп отыр.

Естеріңізге салайық, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік қазақстандық төрт ауыратлеттің (Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова) допинг-сынамасынан тыйым салынған препараттар тауып, оларды 2 жылға жарыстардан шеттеткен еді. Енді аты аталған төртеудің ешбірі Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы олимпиада ойындарына бара алмайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз