Халықтан қаржылай көмек сұраған 350 келілік қостанайлыққа ота тегін жасалатын болды

28 просмотров

Салмағы 350 келі болатын қостанайлық 39 жастағы Галина Воробьева ақылы түрде ота жасату үшін шарасыздықтан халықтан қаржылай көмек сұраған еді. Бүгін ол қуанышты, өйткені оған ота тегін жасалатын болыпты.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

Галина Воробьева қалалық ауруханадан ем алып, үйіне шықты. Өз бетінше ақырындап қадам жасайтын жағдайға жеткенімен, үйіне қайту үшін тағы да төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрауға мәжбүр болыпты.

— Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезініп отырмын. Ақырындап жүре бастадым. Бірақ баспалдақпен көтеріліп-түсу қиындау. Әлім жетпегендіктен, орындыққа немесе балдаққа сүйеніп жүріп жүрмін. Дегенмен, аяғымды басқанымның өзі мен үшін қуаныш, сондықтан қазір күн сайын жаттығып жүрмін, – дейді Воробьева.

Галина Воробьеваны ауруханадан үйіне құтқарушылар арбамен жеткізді.

«Салмағым кеміген жоқ, сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларын тағы шақыртуға тура келді. Олар ауруханаға кранмен әкелген болатын, ал кері қарай үйіме үлкен арбаға салып апарды. Баспалдаққа дейін аяғыммен жүріп бардым, содан соң құтқарушылар пәтерге брезентпен көтеріп кіргізді. Оларға айтар алғысым шексіз», — деді ол.

Қостанайлық толық келіншектің тағы бір жағымды жаңалығы бар.

«Алматының хирургтері асқазанымды кішірейту үшін отаны тегін жасайтын болды», — дейді қуаныштан Галина.

Естеріңізге сала кетейік, салмағы 350 келі болатын Галина Воробьеваға денедегі артық майларынан арылып, асқазанын кішірету үшін ота қажет болатын. Алайда мұндай отаға оның қаражаты жоқ. Анасы екеуі жатақханада бір бөлмені жалдап тұрады. Галина соңғы жылдары толықтығынан ұялып, көшеге де шықпаған. Алайда бойындағы үрейін жеңіп, тексерілу үшін ауруханаға жатып шықты. Енді оған ота жасалатын болды.

Загрузка...