Футбол: Қазақстан жеңді. Қытай кешірім сұрады

96 просмотров

Қытай Халық Республикасының Далянь қаласында кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қытайдың құрамасы арасында өткен жолдастық матч өте тартысты өтті. Қос елдің футболшылары күшпен де, сөзбен де бір-бірін аямаған. Қалай дегенмен де ойын қорытындысы 0:1 болып, Қазақстан жеңісті еншіледі. Бұл туралы kff.kz хабарлайды.

Матчтың 68 минутында Дмитрий Шомко допты айып алаңына жеткізеді, әрі қарай Юрий Логвиненко берген пасты Азат Нұрғалиев голға айналдырды.

Есеп — 0:1. Қазақстан құрамасы осылайша есепті ашып, алға шықты.

Ары қарай Қытай футболшылары асыққанымен, олардың әрекеттерінен түк шықпады. Есесіне алаң иелері ойын ережесін жиі бұзды.

Бірінші таймның соңында Қытай қорғаушысы қақтығысып қалған Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алды.

Жарақаты шыдатпаған соң екінші таймның басында Ұлан Қонысабаевтың орнына алаңға Ғафуржан Сүйімбаев шықты.

Кейін белгілі болғандай, Ұлан Қонысбаевтың аяғы сынған болып шықты.

Өз кезегінде Ұланмен соқтығысып қалған Қытай құрамасының жартылай қорғаушысы Жэнь Хан Ұлан мен Қазақстан ұлттық құрамасынан кешірім сұраған.

Кейінірек Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Ұланның емделу ақысының барлығын федерация өз мойнына алатынын мәлімдеді. Бүгін футболшыға Қытайдағы ең үздік ауруханадағы ең мықты хирург ота жасамақ.

Қытай қорғаушылары Мақсат Байжановты да құлатты. Ойынның аяқталуына 12 минут қалғанда Роман Мұртазаевты Таңат Нөсербаев алмастыруға мәжбүр болды.

Тайм аралық үзіліс кезінде екі тарап бір-бірімен сөзге келіп қалған. Әрине, мұның барлығы жүйкені шаршататыны анық. Кездесудің 83 минутында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Елдос Ахметов екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды. Дегенмен, матч соңынан дейін Қазақстан құрамасы жеңісті есепті сақтап қалды.

 

Загрузка...