Франция мен АҚШ «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы бірлескен соққы жасауды ойластырып жатыр.
Сәрсенбі, 20 шілде күні France Info радиосының эфирінде сөйлеген француз үкіметінің өкілі Стефан Ле Фоль соққы ирактық Мосул қаласына бағытталатынын мәлімдеді. Мосул – террорлық ұйым содырларының көп шоғырланған орындарының бірі.
Deutsche Welle-нің хабарлауынша, қазіргі таңда АҚШ-та жүрген Франция қорғаныс министрі Жан-Ив Ле Дриан Мосулға соққы жасау мәселесін талқылаумен айналысады. Сейсенбі күні франциялық сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйро террорлық ұйымға қарсы коалиция өкілдері Вашингтонда бас қосқанын мәлімдеген еді.
Сенбі, 16 шілде күні «Ислам мемлекеті» Ниццадағы теракт жауапкершілігін мойнына алды. Интернеттегі терроршылар туралы ақпаратты бақылаушы SITE халықаралық ұйымының мәліметінше, Ниццадағы шабуылды коалицияға кіретін елдердің азаматтарына шабуыл жасауға шақырған террорлық ұйымның үндеуіне құлақ асқан бір жанкешті жасаған.