Еуропа Кеңесі Түркияны адам құқығын бұзбауға шақырды

18 просмотров

Еуропа Кеңесі мемлекеттік бүлікке қатысқандарды қудалап жатқан Түркия билігін адам құқықтарын бұзбауға және заң үстемдігі қағидасын сақтауға шақырды.

Сәрсенбі күні Анкараға келген Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Турбьёрн Ягландтың мәлімдеуінше, Еуропа елдері бүлікшіл топтың Түркия сот жүйесінде және әскер құрылымдарында осындай ауқымды жүйені қалай құрғанын түсінбей қалды. Бұл сөзін ол Түркия СІМ басшысы Мевлет Чавушоглумен бірге өткізген баспасөз конференциясында айтты.

Ягланд — 16 шілдеге қараған түні болған әскери бүліктен кейін Түркияға келген ең жоғары лауазымды еуропалық өкіл. Анкара бүліктің артында қазір АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетуллах Гүлен тұр деп есептейді. Бірақ Гүленнің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Түркия сәтсіз аяқталған мемлекеттік төңкерістен кейін 10 мыңнан астам адамды ұстады, шамамен 70 мың мемлекеттік, полиция және әскер қызметкері жұмыстан босатылды немесе қызметтен шеттетілді. Елде төтенше жағдай енгізіліп, адам құқықтары жөніндегі еуропалық Конвенция жұмысы уақытша тоқтатылды.

Загрузка...