Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Еуро-2016: Португалия – құрлық чемпионы!

Алғашқы сәтті пиренейліктер туындатты. Алайда олардың фаворит емес екенін естеріне салғандай, бірден жағымсыз жағдай орын алды: 10 минутта Криштиану Роналду Пайеге соқтығысып, сол тізесін жарақаттап алды. Капитан бір емес, екі рет алаңға дәрігерлер көмегінен кейін оралды, бірақ бәрібір ойынды жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Роналду алаңнан жылаған күйі кетті. Алайда Португалия құрамасының бас үмітін сайыстан шығарған француздар, бәрібір дегеніне жете алмады – команда капитанды жерге қаратпады.

Португалдардың бас бапкері Фернанду Сантуш капитанның орнына Рикарду Куарежманы қосты. Бұдан кейін Франция Португалияны «жеп қойды» десек, артық айтқан болар едік. Иә, І таймның соңына дейін жарыс иелері Руй Патрисиу қорғаған қақпаны үш рет дәл нысанаға алды. Қақпашы қас қақпай қайтарды.

Гризманн, Жиру және Сисокко португал қақпашысының осал тұсын таба алмай опық жеді. ІІ таймда ойын бірсыдырғы тең жағдайда өрбіді. Француздар шабуылды ширата түскенімен қоймай, алаңның кез келген тұсында қатаң прессинг қолданды. Бұл жағдайда фавориттер гол соғып қана тыныш табатындай көрініп еді. Бірақ биылғы Еурода негізгі уақытта тең түсуден барлық мүмкін және мүмкін емес рекордтардың бәрін жаңартқан Португалия шыдап берді.

Ойын қосымша уақытқа жалғасқанда, алаң шетіне ақсаңдай басып Криштиану Роналду жетті. Ол Куарежмадан бастап әрбір командаласын жеке рухтандырып, ақыл-кеңесін берді. Өзі де кәнігі бапкердей сызықтың шетінен тынбай айқайлап, тіпті, алаңнан шығып қалған әріптесін ішке қайта «қуып», тыным тапқан жоқ. 109 минутта португалдар француздарға қатаң ескерту «жасады». Рафаэл Геррейру сол аяқпен айып добын қатты соғып, қақпа маңдайшасын сыңғыр қақтырды.

Артынша тың Эдер төрт қорғаушыға жалғыз ұмтылды да… айып алаңына енбестен, қатты соғып, қақпадағы Льористі де қапы қалдырды. Бұл 110 минут еді. Ары қарай француздар қанша жанталасқанмен, қорғанысы классикалық үлгідегі Португалияны бәрібір тұқырта алмады.

Сөйтіп, Португалия өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды. Бұл атаққа даңқты Эйсебио да, кешегі Фигу мен Руй Кошта да жете алмап еді. 2004 жылғы финалда еңіреген Кришитану Роналду бұл жолы қуаныштан басы айналып тұрып, Анри Делоне кубогын басына көтерді. Иә, клубтық деңгейдегі барлық жарысты жеңіп алған КриРоның қоржынында құрама табысы ғана олқы еді. Енді оның да орны толды!

Португалия – Франция – 1:0 (Эдер, 110)

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз