Ертіс өзенінде балықтардың неден қырылғаны белгілі болды

42 просмотров

 Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті «ҚазАқпарат» агенттігіне Павлодар облысы Ертіс өзенінде балықтардың жаппай қырылу себептері туралы айтып берді.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Павлодар облысындағы аумақтық инспекциясы «Палодар облысы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы» МБ және «Павлодар облысы бойынша экология департаменті» МБ зертханаларында радиологиялық және токсикологиялық зерттеуден өткен су үлгілерінде ауыр металл тұздарының көлемі қалыпты деңгейде екені анықталды», — делінген комитеттің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген ресми жауабында.

Ведомствоның хабарлауынша, балықтардың қырылу себептерін анықтау мақсатында «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» Алтай филиалынан арнайы зерттеушілер шақырылған.

«Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларынан су жіберілгеннен кейін, балықтардың қырылуы су мен ауаның қатты ысуынан, өзеннен келетін суы кеуіп қалған жайылма көлшіктерде орын алған. Мониторинг нәтижесі бойынша, 2016 жылдың 12 және 18 шілде күндері балықтың қырылуы тіркелген жоқ, оқиғаны бақылау жұмыстары жалғасуда»

— деп жазады комитет.

Павлодар облысының құзырлы органдары Ертіс өзенінен су келмей кеуіп қалған көлшіктерден шабақтарды сақтау қажеттілігі туралы хабардар етілген.

Еске сала кетейік, бұның алдында БАҚ өкілдері, Павлодар облысы Ертіс өзенінде балықтар жаппай қырылып жатқандығын хабарлаған болатын. Аймақтық төтенше жағдайлар департаменті Мамыр ауданы мен Ақсу қаласы маңында орын алғандығын атап өткен.

Загрузка...