Жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары жаңа білім беру бағдарламасымен оқытылады. Осыған байланысты Жамбыл өңірінің 4 мыңға жуық мұғалімі біліктілігін шыңдайтын болды.
Бұл туралы 24kz хабарлайды.
Статистикаға сүйенсек, соңғы 4 жылдан бері жамбылдық дарынды оқушылар республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысында I-орынды бермей келеді. 2015-2016 оқу жылында халықаралық және республикалық интеллектуалдық іс-шараларға 37 мыңдай оқушы қатысса, соның 10 мыңға жуығы жеңімпаз атанған. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы орташа көрсеткіші 79 балл болды.
Алдағы жаңалыққа дайындық барысы туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова былай дейді:
– Биылғы 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес жаңа оқулықтармен Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламасы негізінде дайындалған оқулықтармен оқитын болады. Соған байланысты біздің 1-сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің барлығы бүгінгі күні біліктілікті жетілдіру курстарынан өтуде.