Еліміздің екі өңіріндегі медицина мекемелерінің басшылары парамен ұсталды

86 просмотров

Еліміздің екі өңіріндегі медицина мекемесінің басшылары парамен ұсталды. Бірі мекеменің шопырлық қызметін 500 мың теңгеге бағаласа, бірі өзінің арағайындық қызметін 150 мың теңгеге саудалаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, амбулаториялық-емханалық қызметке жататын Қазалы орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Кәрібаев пара үшін ұсталды.

„Кәрібаевтың қызметтік көлік жүргізушісі жұмысына қабылдау үшін жеке тұлғадан 500 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Осыған байланысты ол Қызылорда облысы Қазалы ауданының ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тексеру жүріп жатыр„ деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның баспасөз қызметі.

Тағы бір мекеме басшысы Солтүстік Қазақстан облысында ұсталды. Б.Ибраев Солтүстік Қазақстан облыстық наркологиялық орталығын басқарып келген.

„Қазір ол Петропавл қаласы ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындысына оң шешіп беру үшін «Сардар Қызылжар» фирмасы құрылтайшысынан ол 150 мың теңге көлемінде пара алмақ болған. Сотқа дейінгі тексеру жүріп жатыр„ делінеді бұл ретте.

Загрузка...