Елімізде тағы да сібір жарасы бой көрсетті. Бұл жолғы дерт ошағы — Павлодар облысы

55 просмотров

Елімізде тағы да сібір жарасын жұқтырғандар тіркелді. Бұл жолғы дерт ошағы — Павлодар облысы. Мұнда үш адам сібір жарасы дертімен ауруханаға түскен.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

8-шілдеде Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ұзынсу ауылының екі тұрғыны сібір жарасы дертін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен. Ал 9-шілдеде тағы бір адам ауруханаға келіп түседі. Ұзынсу ауылының 51 жастағы тұрғының жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Эпидемиолог дәрігер Гүлмира Құлмағамбетованың айтуынша, ол адам ес-түсін біледі.

— Ауылдың үш тұрғыны да шикі етті ұстаған, яғни, олар мал сойған кезде бірге болған. Барлығының қолының терісі күлдіреп, ұсақ іріңдер пайда болған. Бұл сібір жарасы болуы мүмкін. Екі-үш күннен кейін бактериологиялық сараптама нәтижелерін аламыз. Үшеуі де сандырақтап, ауруханаға ауыр халде түсті, — дейді облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері.

Сондай-ақ Гүлмира Құлмағамбетова науқастар қазір өзгелерден оқшауланғанын және оларға ешкімнің жіберілмей жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда Ертіс ауданының ауруханасында мал етін ұстаған 25 адам жатқанын баса айта кетелік.

Естеріңізге салсақ, осының алдында сібір жарасы дерті Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген болатын. Екеуінде де адамдар бұл дертті мал сою кезінде жұқтырған.

Загрузка...