Елімізде күндіз көлік шамын жақпауға рұқсат берілуі мүмкін

168 просмотров

Жолдағы осындай есерлікті тыюы тиіс жаңа Жол ережесі Мәжілісте қызу талқыланды. Бас-көз демей қатайтылып жатқан баптарды депутаттар қайта қарау керек деп отыр. Өйткені, одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Мәжілісмендер, әсіресе айыппұлдардың көлемін азайту керек деген пікірде. Тек бұл бастаманы — заңды дайындайтын Ішкі істер министрлігі қолдаған жоқ. 

Бұл туралы КТК хабарлады.

Күндіз шам жағып жүру, рөлде ұялы телефонмен сөйлеспеу секілді даулы жол ережелері талай түсінбеушілік тудырып келеді. Мыңдаған жүргізушіні тиыннан тарықтырған ережелерден депутаттар да зардап шегіп жатқан сыңайлы. Бүгін олар, кейбір айыппұлды жеңілдетіп, даулы ережелерді алып тастауды ұсынды.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

Айыппұл мөлшері жылда өсіп барады. Ал, жұрттың жалақысы соған ілесіп үлгермей жатыр. Сондықтан қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін және көлік нөмері кір болса салынатын айыппұлды жеңілдету керек. Ал, күндіз шамды жағып жүру нормасын мүлдем алып тастаған жөн. Бұның жолдағы полицейлердің қалтасын қампайтқаннан басқа пайдасы жоқ.

Мәжілісменнің пікірі Ішкі істер министрінің орынбасарына ұнаған жоқ. Тінікеевтың ұсынысына қарсы шыққан Рашид Жақыповқа, жол ережесі ақша жинау үшін емес, ең әуелі қауіпсіздік үшін жазылғанын ескертті.

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ, бізді жүргізушілерден ақша жинайды, жол сақшыларының барлығы парақор деп айтуға болмайды.

Осылай деген Жақыпов, бұл ұсыныстарға қарсы шығуының себептерін де түсіндірді. Яғни, шамды жағып жүру қауіпсіздік үшін қажет. Ал көрінбейтін нөмір үшін де жазаны жеңілдетуге болмайды дейді ол. Өйткені, әдейі солай істеп, камераға түсуден қашатын жүргізушілер көп екен. Осы кезде Тінікеев тағы бір ұсыныс айтты.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

У меня есть предложение — уберем сотрудников ГАИ..Олай болса, көшеден жол сақшыларының барлығын алып тастайық. Тек, фото-видео камералар қалсын. Өйткені олармен келісіп пара бере алмайсын. Оның үстіне қазір полицейлердің барлығы көшеге нан табуға шығады. Қылмыскерді ұстап жүрген біреуін көрмейсің.

Бұдан кейін, жазаны жеңілдету ғана емес, керісінше қатайтуды ұсынған депутаттар да табылды. Әсіресе, Омархан Өксікбаев бұған дейін талай айтылып жүрген, көлікте темекі шекпеу мәселесін қозғаған. Бірақ, оның ұсынысы қоғам түгілі қасындағы әріптестерінен де қолдау тапқан жоқ.

Ал, қалған ұсыныстарға қатысты шешім алдағы отырыстарда қабылданатын болады. Яғни, енді шамды жағып жүру ережесі алынып, өзге даулы нормаларға қатысты айыппұл мөлшері азаюы мүмкін. Бірақ, оған дейін жол ережесіне қатысты өзгертулерді қос палата депутаттары қолдап, Елбасы бекітуі тиіс.

Загрузка...