Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Елбасы Павлодар облысына жұмыс сапары аясында жұртшылық өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын атап өтті.

– БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды.

– Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құраған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан – қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында телекөпір өтті. Оның аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын кеңейту мақсатымен кенді қайта өңдейтін және мыс концентратын шығаратын жаңа фабрика ресми түрде іске қосылды.

Қазақстан Президенті жиналғандарды осы тарихи жаңалықпен құттықтап, жаңа өндірістің іске қосылуы Павлодар облысының индустриялық-инновациялық әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

– Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында да көш бастап тұрғанын айтты.

– Тәуелсіздік жылдары оған 600 млрд теңге инвестиция салынды, 2300 мегаваттан астам жаңа қуат көзі іске қосылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыстың көлік инфрақұрылымы жақсарғанын атап өтті.

– Ақсу – Курчатов теміржол тармағы іске қосылды, Омбы қаласына дейінгі халықаралық автодәліз қайта жаңартылды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Ертіс өзені үстінен көпір өткелі салынуда. Астана – Павлодар бағытында салынып жатқан автобанның құрылысы жоспар бойынша 2017 жылы аяқталады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты.

– Облыстың тұрғын үй қоры 25 жылда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үйге дейін көбейді. Былтырғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласын дамытуға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылындағыдан 100 есе көп. Өңірдегі білім беру саласындағы көрсеткіштер де жақсы. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында елімізді одан әрі дамыту үшін төтенше шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Ең бірінші кезектегі маңызды міндет – Қазақстан экономикасын дамудың индустриялық-инновациялық жолына көшіру.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін мемлекет тарапынан қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз