Елбасы Пәкістан президентіне терактіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады

24 просмотров

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының президенті Мамнун Хусейнге Кветта қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жеделхатта Елбасы Кветта қаласында болған террорлық акт салдарынан көптеген жазықсыз адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген.

«Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық экстремизм мен терроризмнің әрекеттерін қатаң айыптайды. Әлемдік қауымдастықтың осы қауіп-қатердің таралуына қарсы күрестегі күш-жігерін толық қолдаймыз», — делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтаса отырып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың отбасыларына және жақындарына, сондай-ақ барша достас Пәкістан халқына көңіл айтты.

Елбасы зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Еске сала кетсек, Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Кветта қаласындағы аурухананың бас қақпасында тіркелген теракт салдарынан кем дегенде 30 адам қаза тапты.

Загрузка...