Елбасы чемпион ретінде марапаттаған Әділбек екі айдан соң үйленбекші

118 просмотров

Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов болашақ жоспарымен бөлісті.

Ол Токиодағы Олимпиадаға дайындалып-дайындалмайтындығын әлі шешпегенін айтты деп хабарлады «Лада» газеті.  Алайда Әділбек өзінің өмірдегі теңін тауып, екі айдан кейін үйленетінін нақ айта алатынын жеткізіпті.

— Өкінішке қарай, мүмкін нәзікжанды өз жанкүйерлерімнің көңіліне кірбің ұялатып алатын шығармын, бірақ, шынымды айтайын, менің қалыңдығым бар. Екі айдан кейін біз некелесіп, дүркіретіп той жасамақпыз, — деді боксшы.

Сондай-ақ ол өз жеңісінің алтынға теңелгеніне қатысты да пікірін жеткізді.

— … Шешуші айқасқа қанағаттанған жоқпын. Осы өкініш әлі қара қазандай боп кеудемде тұр. Жеңе алатын едім, бірақ солай болды. Есіме түсіп кетсе әлі ашуланып, өз-өзіме ренжимін. Арман еткен алтынға кішкене ғана қалған еді ғой.

Елбасы мені чемпион ретінде марапаттады, мен бұған аса қуаныштымын. Бірақ, бәрібір бірінші орын тұғырына аяғын тимеген соң, кеудең тыныш таппайды екен, — дейді ол.

Еске сала кетелік, жұма күні Рио Олимпиада жүлдегерлері Астана көшелерімен салтанатты түрде жүріп өтті. Одан кейін «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасының қолынан олар орденмен марапатталды.

Мемлекет басшысы Олимпиаданың күміс жүлдегерлері боксшы Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитті чемпион деп танып, олардың сыйақысын алтын медаль иегерлерінікімен теңестірді.

Қазақстанда Олимпиада алтын медалына тағайындалған сыйақы көлемі  250 мың доллар екенін баса айта кетелік.

Загрузка...