Елбасыға энергетика министрі еліміздің мұнай өндіру көлемін арттыратынын айтты

61 просмотров

ҚР Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Кездесуде Қанат Бозымбаев Елбасыға мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және энергетика салаларындағы дамудың негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.

Сондай-ақ ол алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары жөнінде мәлімдеді деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.

Кездесу кезінде мұнай өңдеу және энергетика өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, оның ішінде жыл соңына дейін Қашаған кен орнын қолданысқа енгізу жоспары, Теңіздің өндірістік қуаттылығын арттыру және Қарашығанақ кен орнындағы сұйық көмірсутегі өндірісін ұлғайту мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы жоғарғы деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету және экономикадағы энергия тасымалдау үшін өсіп отырған қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында отын-энергетика кешенін одан әрі дамыту керектігіне назар аударды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру үшін шаралар қабылдау және төмен көміртекті даму мен «жасыл экономикаға» өтуін қамтамасыз ету жөнінде жағдай туғызудың маңыздылығын атап өтті.

Энергетика министрі биыл мұнай өндіру көлемінің аздап қысқаруы әлемдегі негізгі энергетикалық ресурстарға бағаның төмендеуімен байланысты болып отырғанын атап өтті.

– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 38,8 млн тонна мұнай өндірілді. Ол өткен жылғы осы кезеңдегі өндіру көлемімен салыстырғанда 97 пайызды құрайды. Биыл жыл соңына дейін өндіріс көлемін 75 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 6,9 млн тонна мұнай өңделді, ол былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 5 пайызға артық, – деді Қанат Бозымбаев.

Загрузка...