Екібастұзда полиция мен прокуратураның қос қызметкеріне оқ атқан екі жігіт ұсталды

48 просмотров

Екібастұз қаласының дәмханасында тамақтанып отырған полиция мен прокуратураның қос қызметкерін жаралаған екі жігіт құрықталды.

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, pavlodarnews.kz хабарлады.

Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегі бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, ІІІ-бөлімі, ІІ тармағы — «Бұзақылық» бойынша екі адам іздестіріліп, олар құрықталды.

Қамалғандардың бірі Екібастұзға жазғы демалысқа келген Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің V-курс студенті, ал екіншісі бұрын істі болған Екібастұз қаласының жұмыссыз азаматы болып шықты. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр, сотқа дейінгі сараптама жүргізу белгіленді. Қазіргі уақытта сот санкциясына байланысты күдіктілер қамауға алынған.

Естеріңізге сала кетсек, 15 шілде күні Екібастұз қаласындағы дәмханалардың бірінде прокуратура қызметкері екі мас жігітке ескерту жасаған. Жауап ретінде олар оқ ата бастаған. Салдарынан 24 жастағы полиция қызметкері мен 30 жастағы прокуратура қызметкері қалалық ауруханаға жатқызылды. Ал бұзақылар оқиға орнынан қашып кеткен.

Загрузка...