„Дипломмен ауылға„ бағдарламасы бойынша берілетін баспананың шикілігі көп

97 просмотров

Дипломмен ауылға барған маманға үй алуға берілген несиенің пайызы мен мерзімі көп болып шықты. Өңірді аралауға барған депутаттарға Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының дәрігері өзіне берілген үйдің несиесін 90 жасында төлеп бітетінін айтып, шағымданған.

Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.

— Мен 16 жылдан бері дәрігер болып жұмыс жасаймын. Маған ауылға маман болып жұмысқа келгенім үшін үй берілді. Ақшасын төлеп келемін. Ақшасын ертерек төлеп алғым келеді. Себебі есептелетін пайызы көп. Мен оны босқа алу үшін сұрап тұрған жоқпын. Егер менен үстеме пайызын осылай аз-аздан ұстайтын болса, ол үйге тоқсан жасымда иелік етеді екенмін. Сондықтан осы құжаттың заңдастыру жағын үкімет қарасса екен, — дейді Ақтөбе облысы Әйтеке би ауылының дәрігері Үсен Еренов аймаққа келген Мәжіліс депутаттарына қарата айтқан сөзінде.

Сондай-ақ ол ауданда бір өзі үш маманның қызметін атқарып жүргендігін айтты. Соған қарамастан дәрігер мемлекет тарапынан алған баспананың құжат жүзіндегі иесі болу қиынның қиыны екенін де жеткізді.

Аудандық аурухана хирургтер мен педиатрларға мұқтаж.

— 60 орындық аурухана жұмыс жасап тұр. Ауданда 27 емдеу мекемесі бар. Біздегі өзекті мәселе — өкпе ауруына шалдыққандар саны көбейіп барады. 47 пайызға өскені жақсы көрсеткіш емес. Өкпе ауруының белгілері анықталып жатқандардың дені, негізінен, ересектер. Жасөспірімдер де бар, ауруға шалдыққандар арасында екі баланың болғаны жақсы емес. Сонымен қатар бізде хирург, педиатр мамандары жетіспейді, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаров.

Дәрігерлер ауылды аралауға келген Парламент депутаттарынан көмек сұрап, ауылдың барлық мәселелерін жайып салды. Жолдың да жағдайын айтты.

Загрузка...