Әділдік бар екен. Тойханада тайып жығылған келіншекке 2 миллион теңге төленетін болды

77 просмотров

Атырауда тойханада тайып жығылған келіншекке, шамамен, 2 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төленетін болды.
Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

Атырау қалалық сотында талап қоюшы Б. Дюсалиеваның шағымы бойынша «Самұрық» ойын-сауық кешені мен «TurKaz Caspyi» фирмасының арызданушының денсаулығына келтірілген зиянға байланысты оның жоғалтқан табысы мен моральдық залалын өндіру туралы азаматтық іс қаралды.

Бұл оқиға биыл қыста болған. Атыраулық келіншек ойын-сауық кешеніне мерекелік шараға шақырылған. Ол мейрамханадан сыртқа шыққан кезінде есік алдындағы баспалдақтан тайып кетіп, құлап қалады. Зардап шегуші жарақатымен травматологиялық бөлімшеге жеткізіліп, оған

«сол жақ сирағының үшжіліншікті сүйегі іштей сынған» деген диагноз қойылған.

Сотта сол күні қалың қар жауғаны, ал мейрамхана халыққа мерекелік шараларды өткізу қызметін көрсете отыра, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені анықталды.

Сот істің барлық мән-жайларын зерттеп, Б.Дюсалиеваға келтірілген залалды «Oil Real Estate» компаниясының «Атырау» сауда ойын-сауық кешеніндегі «Самұрық» мейрамханасын жалға алып қызмет көрсетіп отырған «TurKaz Caspyi» фирмасынан өндіру керек деп шешті.

Сот шешімімен талап қоюшы Б.Дюсалиеваның талабы ішінара қанағаттандырылды. Сөйтіп, талап қоюшы Б.Дюсалиеваның пайдасына  «TurKaz Caspyi» компаниясынан 1 813 256 теңге мөлшерінде материалдық және моральдық залал өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Загрузка...