Данияр Елеусіновтің сынып жетекшісі оның қандай оқушы болғанын айтып берді

76 просмотров

Риодағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 1 қыркүйекте өзі білім алған елордадағы №54 мектеп ұжымымен, оқушылармен кездеседі.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

— Данияр Елеусінов №54 мектепте 2008-2009 оқу жылында 11 сыныпты бітірді. Ол мектебімізде оқып жүріп-ақ жасөспірімдер арасында өтетін бүкіл әлемдік, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып, үлкен жетістіктерге жеткен еді.

Барлық сабақты жақсы оқыды, әсіресе қазақ тілі мен әдебиетіне, тарихқа жетік болды, осы пәндерге айрықша көңіл бөлетін.

Данияр жарыстарға кеткен кезде де ұстаздарынан тапсырмалар алып, оларды тыңғылықты орындап отыратын.

Өркөкіректігі, артық ауыз сөзі жоқ, өте қарапайым, салмақты бала. Мектепте оқып жүргенде ешқандай проблема да туындатпады, достарымен де жақсы араласты.

Шетелге жарыстарға барып келгенде үнемі достарының барлығына бірдей кәдесыйлар алып келетін,- деді Даниярдың сынып жетекшісі болған Рая Келесқызы.

Рая Келесқызы Даниярдың сынып жетекшісі болғаннан кейін жекпе-жектерінде үнемі жанкүйер болып отыратындығын да баса айтты.

«Бірақ, осы жолы алтын медаль үшін өткен кездесуін зор күйзеліспен көрдім, тіпті шыдай алмай сыртқа да шығып кеттім. Өйткені, қарсыласы Даниярдың жарақатына соққы жасауға ұмытыла берді ғой», — дейді Олимпиада чемпионының сынып жетекшісі.

Сөз соңында Рая Келесқызы 1 қыркүйек күні Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновті өзі білім алған мектепке шақырып, ұстаздармен, оқушылармен кездесу өткізу жоспарланып жатқандығын жеткізді.

Загрузка...