Данияр Елеусінов желіде тарап кеткен өзінің биін өшіруді сұрады

158 просмотров

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиадада кеше Данияр Елеусінов алтын жүлде жеңіп алған болатын. Бүгін Риодағы Қазақстан баспасөз орталығында ол журналистерге өзінің бір өтінішін айтты.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Менің жеңісіме жанкүйерлерімнен бөлек, тілшілер қауымы сіздер де ерекше қуанып жатырсыздар. Мені жарты әлемге әйгілеп жарыса жазудасыздар. Менің жетістігім сіздердің еңбектеріңізбен шартарапқа таралуда. Бірақ, сіздерден бір өтінішім бар. Мен 2012 жылы жатақхана ішінде кеудемде киім ілмей билеген болатынмын. Оны осылай таралып кетеді деп ойлаған жоқпын. Ол кезде жас болдық. Ойымызға не келсе соны істейтінбіз. Қазір ес кірді. Бір үйдің иесі, бір баланың әкесі атандық. Сол биімді қазір өзім көріп ұяламын. Соны өзге тілшілер, басқа да адамдар жарыса жариялап жатыр. Журналистерге бір өтінішім бар. Сол биімді бәріңіз әлеуметтік желіден, ғаламтор желісінен алып тастаңыздар», – деп өтінді Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов.

Сондай-ақ, ол өзінің бұл әрекеті үлгі тұтатын жастарға және мәдениетке қайшы екенін, сол кезде осылай билегеніне ұялатынын айтты.

«Осылай билеу өзге ұлттарға жарасады. Ал бұл қазақ мәдениетіне жат екенін кеш білдім. Енді мені Олимпиада чемпионы ретінде үлгі тұтатын жас буындар, әсіресе жеткіншектер мені жақсы қырынан таниды деп үміттенемін. Мәселенің бәрі биде емес. Бірақ ол да өнер. Алайда, биді билейтін жерде ғана билеу керек екенін түсіндім. Мен Олимпиада чемпионы бола қалған соң көпшілік мен туралы көбірек білгісі келіп, мені зерттеп жатқанын түсінемін. Бірақ, басқа қай жетістігімді жазса да, айтса да, дәл осы биімді көрсетпей-ақ қойыңыздар. Жалпы журналистерге бір ғана өтінішім осы», – деп атап өтті боксшы.

Загрузка...