Данияр – біздің университеттің мақтанышы

127 просмотров

Білмейтіндер бар шығар. Рио Олимпиадасында Қазақстанға алтын алып берген алтын асық ұлымыз Данияр Елеусінов С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі. 2009-2013 жылдардың аралығында Данияр осы оқу орнында «Қаржы» мамандығы бойынша білім алды.

данияр

Ол Олимпиаданың алтынына талай асу мен белесті еңсере отыра қол жеткізді. 2009 жылы ол бокстан жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің чемпионы атанды. 2012 жылы Олимпиаданың құрлықаралық іріктеу турнирінде жеңіп шықты. Дәл сол жылы Лондон Олимпиадасына қатысты. 2013 жылы Азия чемпионы және 69 келіге дейін әуесқой боксшылар арасындағы Әлем чемпионы атанды. Араға екі жыл салып барып Данияр Дохада өткен әлемдік біріншіліктің күміс жүлдесіне ие болды.

Оның деканы ретінде Даниярды тек жақсы жағынан сипаттай аламын. Ол – өте биязы, байыпты жігіт. Тәртіпке бағынған. Оқу үлгерімі де жақсы болатын. Соған қарамай жаттығулардан да қол үзбейтін.
Шәкіртім оқуды да, спортты да қатар алып жүретін.

P1060928

Өз басым боксты нағыз ерлердің спорты деп санаймын. Себебі, бұл спорт түрі адамнан асқан шыдамдылық пен намыс-жігерді талап етеді. Чемпион болып тумайды. Чемпион атанады. Атану үшін аса ауыр жолдан өтеді. Даниярдың бүгінгі жетістігі тек қана еңбектің арқасы. Ол ең алдымен өзін-өзі жеңді. Көп адамдар еңсере алмайтын жалқаулықтан өзін аулақ ұстады. Тәртіпке бағынды және ең бастысы өзінің күшіне сенді.
Біз оны әрбір жарыстан асыға күтіп алатынбыз. Ол жүлдесіз оралмайтын. Үлкен жарыстан оралғасын Данияр міндетті түрде университетіміздің студенттерімен кездесіп, өзінің спортқа қалай келгенін және жетістікке жетудің жолдарын айтып беретін.

Сіздерге бір қызық айтайын. Олимпиадаға аттанар алдында Данияр факультетімізге келіп өзінің Рио Олимпиадасына баратын ұлттық құраманың қатарына өткенін қуана хабарлады.

Біз оған әрдайым жеңіс тілеумен келеміз. Біздің, жанкүйерлердің, халықтың тілеуінің арқасында Даниярымыз Олимпиадада топ жарды. Қазақтың, елдің үмітін ақтады.
Данияр біздің университеттің мақтанышы. Даниярдың әлі талай спорттық шыңдарды бағындырарына сенімдіміз.
Жалпы, біздің университетте спортқа, оның ішінде боксқа ерекше көңіл бөлінеді. Біздің факультетте сонымен қатар Бейжің Олимпиадасының қатысушысы Мерей Ақшалов оқыған. Сонымен қатар Алмат Ағыбаев, Думан Әлімов, Данияр Төлегенов, Дархан Жұмсақбаев, Мейірім Нұрсұлтан сияқты бокстан Қазақстан чемпионы атанып, басқа да бәйгелерде топ жарған спортшылар білім алды.

Университет қабырғасынан әлі талай Олимпиада чемпиондары түлеп ұшады деген сеніміміз мол.

Әлия ИСМАИЛОВА,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Экономика факультетінің деканы, э.ғ.к.

 

Загрузка...