Даңқты боксшы Мұхаммед Әли дүниеден озды

54 просмотров

Ғасырдың ұлы тұлғаларының бірі, даңқты спортшы Мұхаммед Әли АҚШ-та ауруханада жұма күні көз жұмды.

NBC News ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 74 жастағы Әли соңғы күндері тыныстауы қиындап, ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Басында атақты боксердің өкілдері оның ауруханада жалпылама тексеруден өтіп жатқанын айтқан. Алайда іле-шала дәрігерлер Мұхаммед Әлидің жағдайы өте ауыр екенін мәлімдеді.

Жартылай ауыр салмақтағы 1960 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы аса ауыр салмақтың үш дүркін чемпионы Мұхаммед Әлидің шын есімі Кассиус Марцеллус Клей.

Ол 1942 жылы 17 қаңтарда Луисвиллде дүниеге келген. Өзінің алғашқы чемпиондық атағына Мұхаммед Әли 1964 жылдың 25 ақпанында Сонни Листонға қарсы жекпе-жекте қол жеткізген.

Жалпы кәсіпқой бокста Мұхаммед Әли 61 рет шаршы алаңға шығып, 56 кездесуде басымдық танытқан, 5 кездесуінде жеңілген. 1984 жылдан бері Мұхаммед Әли Паркинсон ауруына шалдықты.

Загрузка...