Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ағымдағы жылдың 6 шілдесі күні түнгі уақытта, беттеріне бетперде киген белгісіз тұлғалар анықталмаған қарумен букмекерлік кеңсеге баса-көктеп кіріп, кеңсенің 22-жастағы қызметкерін және кеңсеге келуші азаматты қарумен және күш қолданып қорқытқан. Содан соң, кассадағы 90 мың теңге ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1995,1998 және 1999 жылдары туылған Сарыағаш ауданының тұрғындарын күдікті ретінде құрықталды. Олар өз қылмыстарын толық мойындап отыр. Айғақ зат ретінде тәртіп сақшылары аңшылық шолақ мылтықты тәркілеп алды.
ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: 192-бап – «Қарақшылық» және 287-бап – «Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын заңсыз өткізу, сақтау, тасмалдау немесе қолдану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.