Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы нәтижелері жарияланды. Ол бойынша Алматы қаласы былтырғы рекордты жаңартты, яғни оңтүстік астанамызда 125 балл алған оқушылар саны – бесеу. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Биыл ҰБТ-ға қатысуға 87 мыңға жуық түлек өтініш білдірді. Оның ішінде, 63 мың мектеп бітіруші қазақ тілінде, қалған 24 мыңға жуығы орыс тілінде білімін сынайды.
Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, 50 балдан төмен баға алған түлек қайтадан сынақ тапсыруға мүмкіндік алатынын еске сала кетелік. Сол секілді биыл осыған дейін қалыптасқан форматтағы ҰБТ елімізде соңғы рет өткізіледі.
Биыл үкімет есебінен тегін оқуға 32 мың білім гранты бөлініп отыр.
ҰБТ тапсырған мектеп түлектері оның нәтижесін үйде отырып-ақ біле алатынын баса айта кетелік. Ол үшін res.testcenter.kz сайтына енсе болғаны. Онда нәтижелер деген нұсқаулықты басу керек.
Ол арада емтихан тапсырған жас түлектің ЖСН нөмірі мен емтихан алдында алған жеке кодын теру қажет болады.
Маусымның 2-сі мен 9-ы аралығында өтетін сынаққа қатысуға биыл мектеп бітіруші 121 мың баланың 87 мыңы ниет білдірген.
Тест тапсыру мерзімі 10-маусымға дейін созылады.