Елімізде бала сүйе алмай жүрген ата-аналар үшін экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасына 660 млн теңге бөлінген. Ал квоталардың саны – 800.
Бұл туралы BNews.kz тілшісіне Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, ЭКҰ орталығының директоры, профессор Вячеслав Локшин мәлімдеген.
«2010 жылдан бері мемлекет экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына қатысатын болып, квоталар беріле бастады. Сол жылы 110 квота берілді. 2015 жылы квотаның саны 820-ны құрады. Ол үшін қазына қаржысынан 590 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал биыл 800 квота беріліп, бюджеттен 660 млн теңге бөлінді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бағдарламаға бөлінетін қаржы өскен. Себебі, барлық керек құрал-жабдықтар шетелден алынады. Кейбір азаматтар 200-300 квотаны өз қаражаты есебінен сатып алады. Ал мемлекеттен 800 квота беріледі. Қазақстанда шамамен 3000-3200 ерлі-зайыпты кезекте тұр. Егер кезекте 2-3 жыл тұрсаңыз, өзіңізге берілген квотаға ие боласыз», – деді ол.
Сонымен қатар, Вячеслав Локшин ерлі-зайыптылар үшін мемлекеттік экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына қойылатын негізгі талаптарды атап өтті.
«Аталмыш бағдарламаға қатысу үшін әйел адам репродуктивті жас мөлшерінде болуы қажет. Сондықтан ол арнайы медициналық тексерістен өтеді. Бедеулік ауруының орташа және төмен дәрежесіне шалдыққан адам мемлекеттік жасанды ұрықтандыру бағдарламасына қатыса алады. Ал осы дерттің ауыр түріне шалдықса, ол бағдарламаға қатыса алмайды», – деді ғалым.
Айта кетейік, елімізде 12 мыңнан астам бала осы бағдарлама арқылы дүниеге келген.