АҚШ президенттігіне Республикалық партия атынан үміткер Дональд Трамп бірнеше әйелдің сексуалды сипаттағы айыптарын жоққа шығарып, бұның барлығын “толықтай жала” деп атады.
Флоридада сайлау қарсаңындағы митингте сөз сөйлеген Трамп сексуалды сипаттағы айыптауларды “күлкілі әрі қисынсыз” деп атады. Трамптың айтуынша, оның мұндай айыптауларды жоққа шығаратын бұлтартпас дәлелі бар, жақын күндері соларды жариялай бастайды.
Бейсенбі күні “The New York Times” (“Нью-Йорк таймс”) газеті екі әйелдің Трамп туралы әңгімелерін жариялады. Олар саясаткердің өздеріне қырындағаны туралы айтып берген. Бірақ бұл айыптауларды Трамптың адвокаты жоққа шығарып, екі әйелдің әңгімесін жала жабу деп атады.
“The New York Times” газетінің заңгерлері Трамп мақала мазмұнымен келіспеген жағдайда, жала жабушылық фактісін сотта шешуге дайын екенін жазды.