Батыс Қазақстан облысында қолдағы ірілі-уақты мал белгісіз дерттен өліп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, төрт түлік аусылға қарсы салынған екпеден соң бірінен соң бірі жаппай ауыра бастаған.
Ірі қара мен ұсақ малдардың ауруға шалдығуы әсіресе Ақжайық ауданына қарасты Нефтебаза мен Чапаев ауылдарында тіркеліп отыр. Мал иелерінің айтуынша, аусылға қарсы екпе салынған соң, сиырлардың тілі мен тұяғына,тіпті желініне жара шығып, дене қызуы көтеріле бастаған. Сондай-ақ тұяқтары мен мүйіздері де қабыршақтанып, түсіп жатыр екен.
Мақтауғали Нұрәлиев, Ақжайық аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:
-Облыстық лабораторияға қан сынамаларын жібердік, 5 сынама,4 сынама пастереллез ауруына тексеруге кетті. Қазіргі кезде Нефтебаза ауылы бойынша анализ дұрыс.Енді Чапаев ауылынан да 5 сынама жібердік. Терапияны қолданып емдеп жатырмыз. Малдар жазылуда, тек бұзаудан шығын бар.
Белгісіз сырқаттан өлген бұзау саны оннан астам. Бұдан өзге 60 шақты сиыр ауру. Оларды оқшаулап ұстап отыр. Тұрғындардың сөзіне сенсек, індет жайлай бастаған соң, жергілікті мал дәрігерлері тағы да екпе жасау үшін халықтан 2000 теңгеден ақша жинап алыпты. Және бұдан өзге бағасы 2500 теңге тұратын қабынуға қарсы препаратты да сатып алу керектігін айтқан. Бірақ, тұрғындардың бәрінде бірдей дәрілерді дереу сатып ала қоятын жағдай жоқ.