Бас прокурор жер телімі мен даулы баспана мәселесінің тиімді шешімін атап, ұсыныс жасады

54 просмотров

Мемлекетпен тәркіленген жер телімі немесе баспана орнына ақша емес, нарықтық құнына сай басқа жер телімін немесе үй беру керек. Сонда халық арасындағы наразылық ушықпайды.

Бұл туралы ҚР Бас Прокуроры Жақып Асанов Жоғарғы Сотпен бірлесіп ұйымдастырылған «Әділдік – құқықтық қорғаудың басты өлшемі» атты дөңгелек үстел отырысында мәлімдеді деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

«Пекин мен Сочи олимпиадаларын өткізу үшін спорт объектілеріне керек жерлерді мемлекет алып, оның орнына арнайы үйлер салып берген. 2010 жылы Қызылағаштағы су тасқынынан кейін зардап шеккендерге Үкімет жақсы үйлер тұрғызды. Бір шаршы метрі – 65 мың теңгеден.

Жер телімін алғанда азаматтарға неге осындай қолжетімді баспана салып бермеске?

Әрине, инфраструктураға, мектептер мен балабақшаларға ақша кетеді. Бірақ, шығыннан оның пайдасы әлдеқайда көп  құрылыс салынады, жұмыс орындары ашылады, шағын бизнес дамиды, ең бастысы — халық риза. Сонда дау-дамайдың, әділетсіздіктің алдын аламыз»,- дейді Жақып Асанов.

Сондай-ақ Бас прокурор баспана мәселесіне қатысты тағы бір кілтипан тұсты жою үшін «келісімдердің тазалығын» тексеретін механизм енгізуді ұсынды

— Пәтер сатып алушы адам ол үйдің жайын қайдан білсін? Оны білуге мүмкіндігі де жоқ. Ол ақысын төлейді, мемлекетке толық сеніп, қажет рәсімдерді бұлжытпай орындайды. Ал нотариус болса, тек үйдің кімнің атында екенін көре алады. Ал, мүлік даулы ма, жоқ па? Бұрынғы иесі кім, ол үйді қалай сатты? Мұның бәрін тексеруге оның құқығы да, мүмкіндігі де жоқ.

Дамыған елдерде құзырлы органдар мүліктің бүкіл мәліметін тексереді. Сатып алу кезінде заңсыз дерек, жалған факт шықса, онда құжатты растаған, тіркеген тұлға жауап береді. Германия, Италия, Францияда – нотариустар, Испанияда – риэлторлар, АҚШ-та – адвокаттар. Бізге де осындай жүйе қажет, — деді Жақып Асанов.

Ал бұл рөлді бізде риэлторлар, адвокаттар немесе нотариустарға беруге болады екен.

„Бұл міндетті нотариустарға жүктесек, онда оларға ақпараттық базаларды да беру қажет. Мысалы, мүлік бойынша бұрынғы шарттарды, оларды жасаған адамдар сатуға құқылы ма, жоқ па, соны тексере алатындай болса», — деді Бас прокурор.

Сондай-ақ Жақып Асановтың пікірінше, міндетті түрде нотариус растайтын шарт түрлерін кеңейту алаяқтарға нағыз тосқауыл болар еді.

«Ресейде нотариустың қателігінен біреу мүлкінен айырылса, сақтандыру компаниясы оған 5 млн рубль төлейді.

Теңгеге шаққанда бұл — 25 млн. Бізде болса, 12 есе аз. Бар болғаны — 2 млн. Ол ақшаға жатақхананың бөлмесін де ала алмайсың.

Сондықтан міндетті түрде нотариус растайтын шарт түрлерін кеңейткен жөн. Осындай тетікті енгізсек, ол алаяқтарға нағыз тосқауыл болар еді», — дейді ол.

Сонымен қатар, Бас Прокурор нотариустың жауаптылығын күшейту керектігін баса айтады.

«Біріншіден, сақтандыру сомасын көбейту, материалдық жауапкершілігін шегелеп көрсету. Екіншіден, нотариалдық палатада арнайы өтемақы қорын құру. Сонда жәбірленушінің шығыны осы қордан да қосымша өтелмек», — деді Бас прокурор.

Загрузка...