Бас прокуратура Юрий Пакқа әлі де аппеляциялық сотқа шағымдана алатынын ескертті

43 просмотров

ҚР Бас прокуратурасы Юрий Пактың ісі бойынша сот үкіміне қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды қалалық Қазыбек би аудандық соты биыл 3-қазанда Юрий Пакты терроризм актісі туралы жалған хабар таратқаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Юрий Пак өзінің ұялы телефонынан «112» шұғыл қызметіне телефон соғып, Қарағанды қаласының ЦУМ-ына жарылғыш зат қойылды деп хабар таратқан. Нәтижесінде дүкен жұмысы 2 сағатқа тоқтатылды. Халықтың арасында үрей туды. Мыңға жуық дүкен қызметкері мен 2000 сауда орнына келушілер қауіпсіз жерге көшірілді.

Полиция, өрт қызметі және жедел жәрдем станциясының күштері мен техникалары тартылды. Мемлекеттің бюджетіне шығын келді. Пакқа 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде ең төменгі жаза тағайындалды (бұл баптың санкциясы бойынша 6 айдан бастап 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған). Сот оның 13 және 17 жасар екі баласының барын жеңілдететін мән-жай ретінде және ауырлататын мән-жайлардың жоқ екендігін ескерді», — делінген ведомствоның сайтында жарияланған ақпаратта.

Сонымен қатар, прокуратура өкілдерінің пікірінше, сот шартты түрде жаза тағайындау немесе үкімді орындауды кейінге қалдыру үшін ешқандай негіз тапқан жоқ.

«Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкімнің көшірмесін Пак 7-қазанда алды және 23-қазанға дейін ол облыстық сотқа апелляциялық шағым беруге құқылы. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, үкім заңды күшіне енгенге дейін қылмыстық істі прокуратура талап етіп ала алмайды. Іс апелляциялық жолмен қайта қаралған жағдайда, облыс прокуратурасының өкілі шығарылған үкімнің заңдылығы туралы қорытынды береді», — дейді ведомство өкілдері.

«Одан әрі, апелляцияның шешімімен келіспесе, сотталушы өзінің уәждері мен қарсылықтарын келтіре отырып, Жоғарғы Сотқа немесе Бас прокуратураға шағым беруге құқылы. Ал енді жалған терроризмге жаза тағайындаудың қалыптасқан тәжірибесі туралы келесіні хабарлаймыз. Заң бойынша, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап терроризм актісі туралы хабар таратқаны үшін (ҚК 273-бабы) 6 айдан бастап 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген. Биылғы жылы осындай әрекеттері үшін 43 адам сотталды, олардың 36-сы бас бостандығынан айырылды. Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды тек 7 адам алды, олардың ішінде 2 кәмелетке толмаған, 3 әйел, біреуі — ІІ-топтағы мүгедек. Бір адамға оның өкінгенін, зиянды толық өтегенін және үш ай қамауда болғанын ескеріп, шартты мерзім тағайындалды», — деп пікір білдірді ҚР Бас прокуратурасының өкілдері.

Еске сала кетелік, кеше сенатор Дариға Назарбаева Юрий Пакқа араша түсіп, ҚР Бас прокуроры атына депутаттық сауалнама жолдаған болатын.

Загрузка...