Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Бас мүфти көпбалалы отбасыға үй салдырып берді

Қаладан 70 шақырым жердегі «Нұра» ауылында тұрмысы төмен отбасы қоныс тойын тойлады деп хабарлады Мuftyat.kz.

Су жаңа баспанаға қол жеткізіп мәре-сәре болған отбасы мүшелері соңғы жылдары қатты тарыққанын айтады. Үйелмелі-сүйелмелі 8 баланың әкесі Марат құрылыс нысанында жарақат алып қалады. Онсыз да шиеттей бала-шағамен пәтер жалдап, күнелтіп жүрген жандардың жағдайы мұнан соң тіпті ауырлай түскен. Отағасы мүгедек болып қалғандықтан, Гүлнұр жан-жақтан жәрдем сұраған.

Гүлнұр Нұрсадықова, Алматы облысының тұрғыны:

– Қанша азапты жылдар өтті. Сегіз баламен квартираға алмайды. Біреуі алады. Кейде кіргізбей, қаншама жыл далада жүрдік. Вагонға түнеген кездеріміз де болды. Балардың денсаулығы да құрыды. Құдайға шүкір, енді өз баспанамыз бар.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен дін қызметкерлері сегіз балалы отбасына, жұмыла көтеріп, үй салып берді. Қуаныш иелеріне құтты болсын айтуға дінбасының өзі келіп, тұрмыс тауқіметін көрген отбасындағы балаларға батасын берді. Кішкене ғана бөлмені жалдап, күн көріп жүрген отбасы туралы телеарналардан естіп, олардың жағдайына бей-жай қарай алмағанын айтады.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

– Мұны елге жария етпей-ақ жасауға болар еді. Бірақ дін қызметкерлері көптеген шаралар өткізіп, жұмыстар жасап жатыр. Әйтсе де, осындай имамдардың игі жұмыстары өзге қалталы азаматтарға, атымтай жомартарға үлгі, ғибрат болсын деп істедік.

Баспана үшін жер телімін Нұра ауылының әкімдігі бөліп берген. Асарлатып салынған үйге жергілікті атқамінерлер тұрмыстық техника жағынан жәрдемдесті. Ал аумағы 100 шаршы метрден асатын үйге негізгі қаражат діни басқармаға қарасты «Зекет» қорынан бөлінген.

Бүгін сондай-ақ діни басқарманың төрағасы Алматыдағы «Ардагерлер» үйіне келіп, мұндағы қарияларды қарттар күнімен құттықтады. Мүфтият жыл сайын қарттар үйіндегі ақсақалдарға қажылыққа жолдама береді. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай Меккеге зиярат ету үшін бірнеше адамға жолдама бермекші.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз