Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова дүниеден өтті

96 просмотров

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова қайтыс болды. Ауыр қазаға байланысты Салидат Зекенқызының туған-туыстары мен жақындарына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов көңіл айтты.

«Салидат Қайырбекова Зекенқызының аяқ-асты дүниеден өтуіне байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын» деп жазды Үкімет басшысы Твиттер-дегі аккаунтында.

Алдында бұрынғы денсаулық сақтау министрі, бүгіндері Ұлттық медициналық холдингті басқарып отырған Салидат Қайырбекованың ауруханаға түскені хабарланған. Ол кісінің жағдайы ауыр деп бағаланған еді.

Салидат Қайырбекованың денсаулығы не себепті нашарлап кеткені айтылмаған.

Қайырбекова Салидат Зекенқызы 1961 жылғы 1 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Ал 2002 жылы Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқық тану» мамандығын тәмамдады.

2001–2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының ізденушісі болды.

1984–1998 жылдары Қарағанды облысының медицина ұйымдарында дәрігер-невропатолог, Қарағанды көп бағдарлы емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді.

1998–2001 жылдары – Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының № 5 медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының төрайымы.

2001–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, Министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды.

2004–2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006–2008 жылдары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі.

2008 жылғы 4-желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы. 2009 жылғы 5-қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.

2015 жылғы 13 қазанда Салидат Қайырбекова «Ұлттық медицина холдингі» АҚ басқарма төрайымы қызметіне тағайындалды.

Еліне сіңірген еңбегі үшін ол кісі «Құрмет» орденімен де марапатталған.

Загрузка...