Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты 5 адамның өмірін жалмады. «Атырау-Орал» тас жолында бетпе-бет соғылған екі көлік іле-шала өртеніп кеткен.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Қайғылы жағдай Ақбұлақ ауылының маңында болған. 25 жастағы жігіт тізгіндеген Газель Атыраудан дәрі-дәрмек тиеп келе жатыпты. Ал «Мерседестің» рөліндегі 49 жастағы әйел қасындағы 3 жолаушысымен бірге Оралдағы тойдан қайтқан беттері екен. Болжам бойынша, келіншек рульге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Қатты соққыдан қос машина да отқа оранды. Жол апатынан 1 адам ғана тірі қалған.
-Жол-көлік оқиғасының салдарынан 2 жүргізуші және «Мерседес» автокөлігінің 3 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал, бір жолаушы Ақжайық ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.