Журналға шықпасаң – ғалым емессің! Бұл неғылған жүйе өзі?

810 просмотров

Қазақстандық PhD докторанттар шетелдік журналдарда мақаласын жариялай алмай, сол себепті ғылыми жұмысын қорғай алмай, қиналып жүр. Өйткені бізде ғылыми атақ алу үшін шетелдік импакт-факторы жоғары журналдарда ғылыми мақала жариялау міндеттелген. PhD докторы атану үшін біздің ғалымдарды шетелдің журналдарына қаратып қойған бұл неғылған жүйе?

Әрине, ақшасын төлемесең, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті саласындағы ғылыми мақалаларды шетелдік басылымдар қайтсін? Ғылымның осындай коммерциялық жүйесін қабылдаған Ресей, Қазақстан, Үндістан, Индонезия секілді елдердің жас ғалымдары ақшасын осылай шығындап, жынды болып жүргелі қашан. Еліміздегі гуманитарлық саладағы қаншама жас ғалым ұлт руханиятын байытар ғылыми жұмыстар жасаумен емес, мақала жариялау мәселесімен бас қатырып жүр.

Қазақ ғалымдарын алдап жүрген кім?

Ғылыми журналға мақала жариялау саласында алаяқтық өршіп кеткен. Оның схемасы шамамен былай: еуропалық мемлекеттердің бірінен бір журнал «ашылады». Есепшоты – міндетті түрде оффшорлық аймақта болады. Одан кейін әлгі журнал өз индексін жалған жолмен Scopus-та декларациялап, өзгелердің еңбектерін өздеріне жазып, беделді ғалымдардың аттарынан олар ешқашан естіп-көрмеген мақаланы жариялауға рұқсат берген қылады. Одан қалса, олар өмірде жоқ компаниялардың атынан импакт-фактор, яғни осындай ойдан құрастырылған басылымдарға рейтинг жасайды. Сол рейтингке алданған әлемнің әр түкпіріндегі ғалымдар ақысын төлеп, мақаласын шығартады. Ал, шынайы рейтинг жаңартылғанда (ол 3-6 ай аралығында жаңарады), қазақстандық ғалымдар алданғанын бір-ақ түсінеді. Себебі, ол журнал рейтингте жоқ. Ал ол журнал осындай алаяқтық жолмен қомақты қаржы жасап алғаннан кейін жабыла салады.

Көптеген қазақстандық докторанттар осылайша кемінде 2-3 рет алданған.

13281787_1188436957868455_601042949_n
Жеңісбек Төлен

PhD докторы, Сүлеймен Демирел университетінің құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің аға оқытушысы Жеңісбек Төленнің айтуынша, PhD докторанттарға импакт-факторы жоғары журналдарда ғылыми мақала жариялауды міндеттеу тәжірибесі – дамушы елдерде ғана бар. Мәселен, Ресей, Шығыс Еуропа мемлекеттері, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Африканың артта қалған елдері. Қазақстан да солардың қатарында жүр.

– АҚШ, Германия, Франция, Канада секілді дамыған мемлекеттерде мұндай нәрсе жоқ.

Олардың ғалымдары біздегі мақала шығарамын деп жанталасып жүрген ғалымдарға күле қарайды.

Тіпті, бауырлас Түркияның өзінің ғылым жүйесінде мұндай мақала жариялау синдромы жоқ. Бізде білім министрлігі Scopus пен Tompson Reuters базаларындағы рейтингі жоғары журналдарға шыққан мақалаларды ғана есепке алады. Өзіміз Еуропада ғылыми тағылымдамадан өткенде сол сияқты ондаған базалардың бар екенін көрдік, олармен жұмыс жасадық. Ал бізде неге тек осы екі базаға енетін журналдардағы мақалаларды есепке алатыны түсініксіз. Кейде министрлік белгілі бір шетелдік компаниялардың бизнесіне лобби жасап отырған жоқ па, деген ойға қаласың,

— дейді Жеңісбек Төлен.

Абсурд емей, немене?

Ғалымның айтуынша, қазір Қазақстанда мақаласы шықпай, PhD докторы атағын қорғай алмай жүргендердің қатары көп. Сондықтан ол осы импакт-факторлы журналдарға мақала жариялау міндеттемесін гуманитарлық мамандықтардан алып тастауды ұсынады.

— Негізінен, гуманитарлық ғылымдардың докторанттарынан осы бір міндеттемені алып тастаса, дұрыс болар еді. Себебі, техникалық, нақты ғылым өкілдері үшін рейтингі жоғары журналдарға мақала жариялау аса қиын емес. Өйткені ондай журналдар көп. Ал гуманитарлық ғылымдар саласында мұндай журналдар әлдеқайда аз. Ал,

қазақтың тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихы төрткүл дүниенің ғылыми қауымдастығын түгелдей қызықтырады деп ойлау – абсурд.

Сондықтан, бұл сала докторанттары үшін рейтингке кірмесе де, халықаралық ғылыми орталарда беделі бар журналдар мен халықаралық ғылыми конференциялар материалдарын балама ретінде қарастырса жетер еді,

— дейді ғалым.

Шыны керек, әу баста қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми қауымдастықтың алдында беделін көтеру мақсатында жасалған бұл реформаның енді уақыт өткен сайын шикілігі көріне бастады. Мемлекеттің қыруар қаржысына оқыған докторанттарымыз енді шетелдік алаяқтарға алданып, жем болып отыр. Ал білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге жүрдім-бардым қарап, кезекті эксперименттік реформалармен бас қатырып әлек.

Ал министрліктің осы мәселеге жауапты лауазымды тұлғалары түрлі сылтаулармен біздің ресми түрде жолдаған сауалдарымызға жауап беруден жалтарып, бір-біріне сілтейді.

Біз алдағы уақытта да бұл мәселені жіті назарда ұстайтын боламыз.

967848226

Загрузка...